«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев парламентте жұмыс істейтін әйелге ұятсыз хаттар жазған экс-депутат Асқар Садықовпен 10 жылдан бері таныс екенін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Azattyq Rýhy-ке сілтеме жасап.
«Оны досым деп айта алмаймын, бірақ, онымен 10 жылдан бері таныспыз. Ақтөбеде партияның филиалында жұмыс істеді. Біз өзін жақсы қырынан көрсеткен әріптесімізге мүмкіндік беріп, Парламентке дейін алып келдік. Бірақ ол Партияның сенімін ақтамады. Бұл бірінші рет отырған оқиға емес, естеріңізде болса, екі жыл бұрын соғысты қолдаған депутатты партиядан шығардық. Сот, құқық қорғау органдарын күтпей, заңсыздықты көрген сәтте өзіміз қолға алдық, яғни партия өз-өзін «тазалай алатын» тірі ұйым екенін көрсетті», — дейді Азат Перуашев.
«Ақ жолдың» жетекшісі Садықовтың іс-әрекетін әшкере етуге мәжбүр болғанын жеткізді.
«Айтуға мәжбүр болдық. Өзіме өте жағымсыз әсер етті. Садықовты шілденің бірінде жұмыстан шығарып жібердік. Екі ай бойы оқиғаны айтпадық. Бірақ журналистің тікелей сұрағынан кейін, қоғамға жария етуге тура келді», — деді ол.
Перуашев Салтанат Нүкенованың оқиғасынан кейін әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа шыдай алмайтынын айтты.
«Салтанат Нүкенова ісінен кейін біз әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты, әділетсіздікті, дұрыс емес әрекеттерді айыптаймыз», — дейді партия төрағасы.
Сонымен қатар Азат Перуашев экс-депутаттан ұятсыз хаттар алған әйел арызды өзіне жазғанын және ары қарай «шулатқысы» келмейтінін айтты.
ПІКІР ЖАЗУ