Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі ұстаған белсенді Перизат Қайратқа қатысты тағы бір қызықты дерек мәлім болды. Ол 2022 жылы күзде емізулі баласымен таксист болып жүрген астаналық Әсел Омароваға пәтер беретінін жария еткен еді. Бірақ ол сөз күйінде қалып, пәтер берілмей қалды. Сол уәделі үйді салуға тиіс тұрғын үй компаниясының басшысы бүгін Астанада БАҚ өкілдерін жинап, жағдайдың қалай болғанын өзі түсіндіріп берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Негізі уәделі үй – Assylkhan тұрғын үй кешенін MM Group компаниясы салуы керек еді. Компания басшысы Мөлдір Сүйіншәлидің айтуынша, 2021 жылы құрылыс басталып, сол үйдің 20 шақты пәтері қайырымдылық мақсатқа бөлінуі керек болған. Ал ол пәтерлерді Biz birgemiz, «Наследие» мен Asar Ume қорлары өз тізімдеріндегі мұқтаж жандарға үлестіруге тиіс еді.
Әселге пәтер берілетінін бұқаралық ақпарат құралы арқылы білдім. Ол уақытта менімен нақты келісім жоқ еді. Сосын біз сол қорлармен қайырымдылық көмек көрсету туралы арнайы келісімшарт жасадық. Әселдің жағдайына қатысты айтарым, оған сертификат табысталғаннан кейін өзімізге міндеттеме алдық. Сосын 2023 жылдың мамыр-желтоқсан аралығында жалдамалы пәтер ақысын төлеп тұрдық. Оның бәрінің түбіртегі телефонымда сақтаулы тұр. Әсел YouTube арналардың біріне «мені алдап кетті, сол күй тастап кетті» деп сұхбат бергенін көрген соң пәтерді жалдау ақысын төлеуді тоқтаттық, – дейді Мөлдір Сүйіншәли.
Оның сөзінше, компания сол келісімшарт жасасқан қорларға мүлік бөліп беруден әлі де бас тартпаған. Тек бір мәселе бар. Компания едәуір шығындалып, барлық келісім құжаттарын, сараптамаларын рәсімдеп болып, құрылысқа кірісуге өтініш берген шақта қала әкімдігі үй салатын жерді қаланы абаттандыру мақсатында кері алып қойған. Оны араға 4 ай салып барып білген. Қазір қала прокуратурасы мен Бас прокуратура Мөлдір Сүйіншәлидің өтініші бойынша жер телімін ауыстыруға кіріскен.
Қазір соны күтіп отырмыз. Сосын құрылысты бастаймыз деген ойдамын. Бірақ рұқсат құжаттарын түгел қайта жасап шығу керек, – дейді компания басшысы.
ПІКІР ЖАЗУ