Нариман Құрбановтың Ақордаға неге бармағаны белгілі болды

Фото: olympic.kz

Париж ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов Олимпиада жүлдегерлерінің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуіне қатыспады. Президенттің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Берік Уәли оның не себепті шараға қатыспағанына қатысты түсінік берді, — деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бүгін Қазақстан Президенті Париждегі Олимпиада ойындарында бақ сынаған спортшылармен және жаттықтырушылармен кездесу өткізді. Гимнаст Нариман Құрбанов іс-шарада түсірілген фотосуреттерден көрінбеді.

«Бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде өткен 33-Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған спортшыларға мемлекеттік наградаларды табыс етті, өкінішке қарай, Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов сырқатына байланысты салтанатты шараға қатыса алмады. Оның тезірек сауығып, жаңа спорттық жетістіктерге жетуін тілектеспіз», — деді Берік Уәли.

Айта кетейік, Мемлекет басшысымен және Олимпиада жүлдегерлерімен кездесу бұдан бұрын өтуге тиіс еді, бірақ спортшыларда COVID-19 анықталғандықтан кейінге қалдырылды. Қазақстандық командадан үш жүлдегері мен екі бапкерінде ауру анықталды.