Музыка денсаулыққа қалай әсер етеді?

Қауіпсіздің мәселесін сөз еткенде, біз ең алдымен «бостандық» ұғымын елестетеміз. Яғни, еркін, нұсқаулықсыз, тыныш өмір сүру. Алайда сіздің хабарыңызсыз санаңызды төстеп тұрған бір дүние бар. Ол – күнделікті тыңдап, қоғамдық орындарда ойнап тұратын музыка. Әуен – адам санасын еріксіз жаулап алатын құдіретті күш. Бүгінде мылтықсыз адам санасына деген майдан қызып тұр. Платонның пікірінше, мемлекеттің күштілігі, құдіреттілігі ондағы айтылатын ән ырғағы мен оның музыкалық жадына тікелей байланысты екен. Ойшыл мемлекеттегі адамгершілік әдепті, адамаралық қатынасты бұзудың ең сұрқия жолы арлы музыкадан ауытқу деп есептеді.

Тарих беттеріне үңілсек, Нилс Уалинның The Origins of Music кітабында саналы адам қауымы осыдан 160 000 жыл бұрын Африкада қалыптасып, басқа да тіршілік иелеріне ықпал етті деп санап, музыканың да қарапайым түрлері сол алғашқы қауымда адаммен бірге пайда болған деп тұжырымдайды. Ол кездегі әуендерге табиғаттың, жан-жануардың дыбыстары жатты. Кейіннен арнайы аспаптар өмірге келді. Ал шарықтау шегі Ежелгі Грекияда орын алған.

Ежелгі грек музыкасы (поэзиямен қатар) еуропалық кәсіби музыкалық мәдениет пен музыкалық ғылымның дамуына зор ықпал етті. Сондай-ақ білім беру және тәрбиелеу объектісі, қоғамдық өмірдің құрамдас бөлігі ретінде үлкен орын әсер еткен болатын. Сол дәуірден бастап ұлы композиторлардың классикалық әуендері тамырын жаяды.

ӘУЕНМЕН ЕМДЕУГЕ БОЛАДЫ

XVIII ғасырдан бері келе жатқан классикалық әуендердің пайдасына көптеген тәжірибе жүргізілген. Мысалы, америкалық ғалым Роберт Шофлер Чайковскийдің барлық симфониясында, Моцарттың, Шуберттің туындылардында емдеу қасиеттерінің бар екенін айтты. Яғни, науқас адамдардың тез сауығуына үлес қосатынын дәлелдеген. Классикалық әуендер болашақ ана сүтінің мол болуына, өсімдік түрлерінің тез өсуіне, псиxологиялық ауруға шалдыққан жандарға үлкен септігін тигізеді.

Моцарттың әуендері адамның IQ көрсеткішін көбейтеді екен. Егер де сауда дүкендерінде артқы фонда классикалық әуен тұрса, тұтынушы қымбат, сапалы өнімге назарын бұрады. Доктор Адрианның The Effect of Background Music on the Taste of Wine зерттеуінде классикалық әуен тіпті жеген асыңыздың дәмін де өзгерте алатыны айтылған.

Уақыт өте келе әуен медицина саласына орнығып, психологиялық терапияға айналды. Аталмыш терапия онкологиялық науқастарға, ерекше балаларға, күйзелістегі адамдарға жағымды әсерін тигезе алды. Ал Моцарт музыкасының әсері медицинада тіпті «Моцарт эффектісі» деген атауға ие болды.

АҚШ мемлекетінің ғалымдары зерттеу өткізіп, музыканың онкологиядан зардап шегетін адамдардың психоэмоционалдық жағдайына оң әсер беріп, науқастардың басқа да көрсеткіштерін жақсартатынын байқады. 3 аптаға созылған музыкалық терапия курсынан кейін науқастар ауырсынудың азая бастағанын, көңіл-күйінің жақсарғанын хабарлады. Сонымен қатар химиялық ауыр емдеу әдістерінен кейінгі жанама аурудың азайғанын мәлімдеді. Дәрігерлер мұны кейбір әуеннің белгілі бір жиіліктегі дыбыс толқындарының болуымен түсіндіреді.

«Классикалық әуендер адам бойында өмірге қажетті гармондарды өндіреді. Сол арқылы тұлғаның өмірге деген құштарлығын арттырады. Онкологиялық аурулар көбіне әртүрлі клеткалардан тұрады. Ал науқастар қиын ауруға шалдықтым деп кері гормондар өндіріп, аталмыш ісік жазушаларының тез өрбуіне әсер етеді. Егер «мен өмір үшін күресемін, өмірді жақсы көремін» деген ұмтылыста классикалық әуендер тыңдаса, ағзаға дені сау, пайдалы клеткалар өндіріп, онкологиялық аурудың емделуіне септігін тигізеді»,– дейді психология ғылымдарының докторы Балабек Кеніштайұлы.

Әбу Насыр әл-Фараби де: «Бұл ғылым (музыка, ән) өзінің байсалдылығынан айрылған адамды түзетуге, қызба адамды бірқалыпты ұстауға құдіреті әбден жетеді»,– деп жазған екен.

Бірақ барлық жанр пайдалы деп айтуға болмайды. Мысалы, рок немесе поп әуені – ағзасының тыныштығын бұзады. Рок музыкасын ұзақ уақыт тыңдаса, адам стресті сезіне бастайды. Үнемі шулы әуен тыңдайтын адамдардың да ұйқысы тыныш емес. Земмельвейс университетінің мінез-құлық ғылымдары институтының зерттеулері (Будапешт, Венгрия) классикалық музыканың ұйқысыздыққа көмектесетінін дәлелдеді.

САПАСЫЗ ӘН – САНАНЫҢ УЫ

Уақыт өте келе музыка адамзаттың ең үлкен өнертабыстарының біріне айналды. Есте тез сақталатын, сандырақ тақырыптағы әуендер қаптап барады. Орындаушыларды да сөгуге болмайды, себебі қазіргі танымал музыкалық платформаларға қарасақ, тек Скриптонит, Моргенштерн сияқты орындаушылар мен TikTok әлеуметтік желісінің әуендері екеніне көз жеткізе аламыз.

Рок адам санасын орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Бұл стилді ұнататындар өмірге деген сүйіспеншіліктің аздығымен (әсіресе жас жігіттер) және суицидтік ойлардың жиілігімен (әсіресе қыздар) ерекшеленді.

Кезінде Адольф Гитлер соғыс алдында арнайы жүйке қоздыратын дыбыстарды қолданған. Сондай-ақ қармағына түскен халықты деградация жолына апару үшін радио толқындарынан тек көңілді, шулы, сандырақ музыкаларды қойған дұрыс деп есептеген. Ал бұндай әуендер оң жақ жарты мишықтың белсенділігін бірнеше есе төмендеп, есте сақтау мүмкінділігін азайтады. Оны психология мен неврология мамандары мына әдіспен дәлелдеген: мамандар бірнеше адамға 20 сөзді жаттауды ұсынған. Алдымен қатысушыларға шулы музыка қосып, кейін аталмыш көлемдегі мәтінді жаттауға берген. Қатысушылар берілген тапсырманы орындай алмай, сөздерді естеріне түсіре алмаған. Екінші кезеңде классикалық сазды әуенді қосып, басқа сөздер жинағын берген. Қатысушылар бұл жолы жақсы көрсеткіш көрсеткен.

ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙІ ДЕ ЕМ

Қазақтың терме-күйлері де сананың сапалы болуына әсерін тигізеді. Ол табиғатпен де етене байланыста. «Бозінген» күйінің шығу тарихына тоқталайық. Ертеде бір үлкен жұт болады. Елде жөнді мал қалмайды. Бүкіл ауылды жұттан қалған жалғыз бір бозінген асырайды. Көпшіліктің күн көріп отырған бозінгені бір күні иімей қалады, жан сақтап отырған халық қатты сасады. Содан соң пәлен жерден бір асқан күйшіні шақырады екен. Күйші домбырасын күйлеп, ағызып тарта жөнеледі. Сол үнге құлақ салған бозінген иіп қоя береді.

Иә, заманауи әуенді мүлдем тыңдамау мүмкін емес. Себебі бұл өнердің тамыры тереңде жатыр. Бірақ тыңдап отырған әніңізге аса мән бергеніңіз абзал. Өзіңіздің рухани құндылықтарыңызды жоғалтпай, біреудің үстемділігі үшін санаңызды бұруға жол бермеңіз.

Гүлжанат АМАНГЕЛДІ