ҚҚС денсаулық сақтау саласын қамтыса не болады? Сарапшылар дабыл қаға бастады

Фото: ozgeris.info

Елімізде медицина саласына 10% мөлшерінде қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу жоспарланып отыр. Қазір бұл мөлшерлеме нөл пайызды құрайды. Үкімет мәжбүр шараны не үшін енгізбек екені қоғамға мәлім – бюджетті толтыру. Ал сарапшылар қарсылық білдіріп, дабыл қаға бастады. Неге? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Бюджет тапшылығын жою мақсатында билік жаңа салық реформасын қарастырып жатыр. Бұл мақсатта қоғамдық талқылаулар, сарапшылар мен кәсіпкерлердің пікірлері ескерілуде. Экономист мамандар ҚҚС өсімі қазір ауыр тигенімен, бірнеше жылдан соң жемісін береді дейді. Сондай-ақ еліміздің экономикасы тұрақталып, халықты әлеуметтік қолдау күшейеді деп бағалауда.

Ал ҚҚС медицина саласын қамтыса не болады? Сарапшылардың айтуынша, бұл ең алдымен қымбатшылыққа жол ашады, яғни медициналық қызметтер, дәрі-дәрмектер мен жабдықтардың бағасы өседі. Салдарынан халықтың қалтасын жұқартып, медицинаның қолжетімділігі төмендейді.

Бюджетті құтқару — халықтың денсаулығын құрту

ҚҚС енгізу медициналық қызметтердің құнын автоматты түрде арттырады, дейді “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманова.

“ҚҚС туралы айтатын болсақ, бұл біз үшін ешқандай жеңілдік емес. Яғни 10%, 12% — бұл тіпті 5% емес. Біздің салада ҚҚС-тың болмауы тегін емес. Денсаулық сақтау саласында ҚҚС-тың болмауы, ең алдымен, медицинаның халық үшін, әсіресе баға жағынан қолжетімді болуы үшін жасалған. Қазақстанда медициналық қызметтердің бағасы төмен болғандықтан, медициналық туризм дамып жатыр – басқа елдерден бізге қолжетімді баға үшін келеді. Бұл – экономика мен медициналық туризмнің дамуы үшін пайдалы. Медициналық қызметтерге ҚҚС енгізілсе,  қызмет құнының бағасы кем дегенде ҚҚС мөлшері деңгейінде өседі деген сөз. Коммерциялық секторда,яғни ақылы қызмет көрсететін жерде, бұл сөзсіз болатын дүние”, – деп түсіндірді ол.

Жаңа салық реформасы мемлекеттік тапсырыс жүйесіне де ауыр тиеді дейді сарапшы. Бұл 10% ҚҚС тарифке кірмесе, бұл көрсетілетін қызметтердің көлемінің 10%-ға азаюын білдіреді. Ал егер тарифке кірсе, онда бұл бюджетке қосымша жүктеме болады.

Сонымен қатар, ҚҚС есепке алу мен төлеуге байланысты әкімшілік рәсімдер де емханалар үшін қосымша шығын. Әрине, аталмыш шығындарды халықтың мойнына жүктейді.

“ҚҚС-ты әкімшілендіру бизнес үшін еңбек пен шығынды талап ететін процесс, бұл да қызмет бағасына әсер етеді”, – дейді Қабдрахманова.

Дәрі-дәрмектер мен ем алу қымбаттайды

Бағалардың өсуі тек дәрігерлердің қабылдауына ғана емес, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарға да әсер етеді. Бүгінде оларға ҚҚС мөлшерлемесі 0%, алайда өзгерістерден кейін өндірушілер мен жеткізушілер бағаны көтеруге мәжбүр болады.

“Олар ҚҚС мөлшеріне ғана емес, сондай-ақ салықты енгізуге байланысты қосымша шығындарғада бағаны көтеретіндерін мәлімдеп отыр”, — деп ескертеді Қабдрахманова.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға міндетті таңбалау ережесі күшіне енгенін еске салға кеткен жөн. Бұл да шығын.

“Бұл зертханаларға да әсер етеді, себебі олар реагенттер, шприцтер және басқа да шығын материалдарын сатып алады, яғни бәріне ҚҚС қосылады. Нәтижесінде медициналық қызметтердің құны 10%-дан әлдеқайда жоғары болады”, – дейді сарапшы.

Халыққа қолжетімсіз медицина

Емделу және қызметтер бағасы өссе халықтың көпшілігінің қалтасы көтермейді. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен әділеттілігі – халықтың бұл қызметтерге қаншалықты өз қалтасынан қаражат жұмсайтыны арқылы бағаланады. Қазіргі таңда Қазақстанда тұрғындардың денсаулық сақтау саласына жұмсайтын жеке шығындарының үлесі шамамен 30%-ды құрайды. Бұл дегеніміз – әрбір азамат, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтар (зейнеткерлер, мүгедектер, аз қамтылғандар) медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекке өзінің жеке қаражаты есебінен шығындалады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мұндай шығындар жалпы денсаулық сақтау шығындарының 20%-нан аспауы керек деп есептейді. Егер бұл көрсеткіш 20%-дан асып кетсе, халықтың медицинаға қолжетімділігі төмендейді, азаматтар емделуден бас тартады немесе кейінге шегереді, бұл өз кезегінде аурудың асқынуына, мүгедектік пен өлім-жітімнің өсуіне әкелуі мүмкін.

Сарапшының пікірінше, медициналық қызметтер бағасының өсуі отбасыларға қаржылық ауыртпалық түсіріп, адамдардың дәрігерге баруын кейінге қалдыруына немесе мүлде емделуден бас тартуына алып келеді.

“Егер қызметтер қымбаттаса, бұл көрсеткіш арып, ақылы медицина қолжетімсіз бола түседі. Жекеменшік клиникалар бағаны көтеруге мәжбүр болады, бұл клиенттер санының азаюына әкеледі. Мысалы, жақсы дәрігердің қабылдауы 20 мың теңге болса, ҚҚС енгізілгеннен кейін ол 30 мың теңге болуы мүмкін. Бұрын 50 пациент келсе, енді 35-40 қана келеді. Бұл пациенттерге де, клиникаларға да тиімсіз”, – деп түсіндірді сарапшы.

Ұсынылып отырған салық реформалары тек ҚҚС-ты ғана емес, сонымен қатар корпоративтік табыс салығын (КТС) да қамтиды. Қазір медициналық ұйымдар табысын одан әрі дамуға(жабдық сатып алу, жаңа клиникалар салу) жұмсайтын болса, КТС төлеуден босатылады. Ал дивиденд түрінде кіріс алатындарға КТС мөлшерлемесі 20%-ды құрайды. Алайда үкімет барлығына бірыңғай 10% мөлшерлемесін енгізуді ұсынып отыр.

“Біз барлығына 5% КТС ұсынамыз – бұл әрі бюджетті толықтырады, әрі бизнеске ауыр тимейді”, – дейді Қабдрахманова.

Егер үкімет мамандардың пікіріне құлақ аспаса, Қазақстанда науқастар саны шынымен де күрт артуы мүмкін. Бұған себеп тек бағаның өсуі ғана емес,  сондай-ақ медициналық көмек алу мүмкінді де болмайды.

Басқа елдердің тәжірибесі мен Қазақстанның шындығы

Қазақстанда медицина саласына ҚҚС (қосылған құн салығы) енгізу туралы ұсынысты жақтаушылар бұл тәжірибе дамыған елдерде де бар екенін алға тартады. Әсіресе ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінің салық жүйесіне сілтеме жасалады. Алайда бұл салыстырудың астарына тереңірек үңілсек, жағдайдың күрделілігі анықталады.

Мысалы, Түркияда бұл салық 10%, Израильде – 17% мөлшерінде белгіленген. Бірақ бұл елдерде ҚҚС салу жүйесі Қазақстандағыдай емес.

Біріншіден, олардың денсаулық сақтау жүйесі әлдеқайда тұрақты, инфрақұрылым жақсы дамыған, ал дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету толық мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. Бұл азаматтар үшін медициналық көмек пен дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Екіншіден, медициналық туризмді қолдау мақсатында шетелдік азаматтар үшін көптеген елдерде медициналық қызметтерге ҚҚС мүлдем қолданылмайды. Бұл тәжірибе – туризм мен экономиканы дамыту құралы. Қазақстанда болса, керісінше, қолданыстағы медициналық туризмнің қалыптасу кезеңі ғана жүріп жатыр. Егер ҚҚС енгізілсе, шетелден келетін емделушілер ағыны төмендеуі мүмкін, өйткені баға артықшылығы жойылады.

Үшіншіден, Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымы ескірген, көптеген өңірлерде заманауи жабдықтар жетіспейді, кадр тапшылығы байқалады. Мұндай жағдайда қосымша салық жүктемесін енгізу жүйені одан әрі әлсіретеді. Бұл – әсіресе жекеменшік клиникалар мен шағын медициналық мекемелерге ауыр соққы болмақ. Олар салықты тауар мен қызмет құнына қосуға мәжбүр болады, бұл тікелей халықтың қалтасына әсер етеді.

«Біз дамыған елдердің үлгісін алғымыз келеді, бірақ алдымен сол елдердегідей тұрақты, қолжетімді және сапалы денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруымыз керек. Әйтпесе салық жүктемесі халықтың денсаулығына кері әсерін тигізеді», — деп атап өтті сарапшы.

Сарапшылар медицина, білім беру және азық-түлік сияқты әлеуметтік салалар барынша қолжетімді болуы керек деп санайды. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бір сұқбатында осы мәселені атап өткенін еске сала кетейік. Ол Қазақстан әлеуметтік бағытын жолға қойған ел ретінде дамуын жалғастыра береді деген.

«Қазақстан өз халқының әр қадамын ойлайды, түрлі жәрдемақылар мен төлемдер жасап қойған. Скандинавия елдерін мысалыға алсақ, олардың қолданатын моделі  – дамыған әлеуметтік-экономикалық ел құру. Ал біз осы жолда келе жатырмыз. Бір күні бұл әлемнің барлық елдері үшін бағдар болады. Нәтижесінде не аламыз деген сұраққа жауап берсек, біріктірілген және тұрақты мемлекеттік бюджет, нақты секторға сауатты инвестиция салу, бұл өз кезегінде аталмыш секторды қаржыландыруға да мүмкіндік береді. Нәтижесінде азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады, бұл мемлекеттің дамуының негізі болып табылады», — деген еді Серік Жұманғарин.

Қаржыгер Расүл Рысмамбетовдың пікірінше, билік салық реформасын жұмсартуға барады, бірақ денсаулық сақтау саласына ҚҚС-ті толық көлемде енгізу екіталай. Оның айтуынша, егер салық бекітілсе, онда ол көбінесе коммерциялық ұйымдарды, мысалы, тіс емдеу клиникаларын ғана қамтиды. Дегенмен, тіпті осы жағдайда жеңілдіктер болуы мүмкін.

«Егер енгізсе, онда клиникаларға ҚҚС-тен босату қолданылуы мүмкін – жабдықтарға, импортқа және қосымша материалдарға. Мұндай нұсқа да мүмкін. Бірақ, шынын айтқанда, денсаулық сақтау саласына ҚҚС-ті көтеруге болмайды», – деп болжайды сарапшы.

Ол сондай-ақ, ақыр соңында медицина саласы үшін салықтың нөлдік ставкамен қалатынына сенімді, себебі бұл өте маңызды әлеуметтік мәселе.

«Мен Қазақстанды медициналық хаб ретінде көремін. Көптеген қазақстандықтар шет елдерде – Түркияда, Кореяда, Ресейде, Өзбекстанда немесе Израильде емделуді жөн көрсе де, Қазақстан медициналық хаб болуға әлеуеті бар. Бұл үшін дәрігерлерге даму, қызмет көрсетуді жақсарту және біліктілігін арттыру мүмкіндігі берілуі керек. Азаматтардың барлық дәрігерлерге көңілі толмайтынын түсінемін. Дегенмен мен білем, және мысалдар да жеткілікті.  Шетелдіктер Қазақстанға емделуге келеді. Медициналық туризм де біздің елімізді дамыта алады», – дейді сарапшы.

Қазіргі уақытта медицинаға ҚҚС мөлшерлемесін өзгерту туралы бастама талқыланып жатыр. Үкіметтің ұсыныстары қазір Мәжілісте. Мемлекет салық реформасын енгізіп, ұлт денсаулығына кері әсер тигізетін болса, оның салдары үшін жауапкершілікті өз мойнына алады ма?

Осы мәліметтерге сүйенсек, ҚҚС салығын денсаулық сақтау жүйесіне енгізу расымен де талқылауды, зерттеуді қажет ететін ауқымды тақырып екенін түсінеміз. Себебі бұл тек бюджетті толтыру емес, бұл бүкіл халықтың денсаулығы.


Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
97-летний кардиолог: Если давление выше 130\90, выпейте 2 ложки…
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Школьники потрясли всю сеть этим танцем — смотреть без детей!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Шум и звон в голове - это начало инсульта! Пока сосуд не лопнул…