Өңірдің жалпы өнімі екі жылда 1,3 есеге өсті. Өткен жылдың бастапқы 9 айында өңірлік жалпы өнім 3,7 триллион теңгеге жетті. Биыл бірінші тоқсандағы экономикалық индикатор 104,8 пайыз болды. Облысқа соңғы екі жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды.
«Аймақ тұрғындарының саны үздіксіз өсіп келеді. Қазір мұнда 800 мыңнан астам адам тұрады. Жақында мен Шымкентке барғанда көші-қонды, яғни, миграцияны бақылаусыз қалдыруға болмайды деп айттым. Болжам бойынша көп ұзамай облыстағы халық саны бір миллионға жетуі ықтимал, тіпті, одан асуы да мүмкін. Бұл жағдай экономикаға және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді. Бұл факторды ұмытпауымыз керек, популизмге ұрынбаған жөн. Мен бұған дейін таза ауыз су мәселесін шешуді, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жақсартуды тапсырдым», — деді Президент.
Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына аймақтағы су тапшылығын азайту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Осы мәселе шешілсе, онда бизнес те жақсы серпін алатын болады. Себебі, сусыз өңір халқы бұдан әрі көбеймейтіні анық. Бәріне су жететін болса, халық тағы көбейіп, нарық кеңейеді.
Қазіргі таңда облыста 77 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Олар 150 мың адамға жұмыс беріп отыр. Былтыр кәсіп иелері шығарып жатқан өнім көлемі 270,5 миллиардқа өсіп, 2,2 триллион теңгеге жетті. Биыл аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетін болды.
Қазірдің өзінде 12,5 миллиард теңге бөлініп, 150 жобаға қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, жақын арада «Mangystau Business» бағдарламасы іске қосылады. Осы ауқымды жұмыстың аясында 30 жаңа жобаға қаржы бөлінбек, жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге болады.
Ауызсу мәселесінің өзектілігі артуда
«Өздеріңіз білесіздер, облыстың өз ерекшелігі бар. Атап айтқанда, мұнай өндірісінің басым болуы, шөлді жерде тұрғаны, су тапшылығы, азық-түлік импортына тәуелділік. Сондықтан жоспардағы барлық шаруаны тиімді іске асыру үшін мемлекеттік органдардың бәрі жұмыла жұмыс істеуі керек. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпін беретін орталық болуға тиіс. Қазір онда 22 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймаққа салынған инвестицияның жалпы көлемі – 337 миллиард теңге болды, соның тең жартысы – шетел инвестициясы.
Биыл арнайы экономикалық аймақтың аумағын жеті есе ұлғайту жоспарланып отыр, яғни, 3,7 мың гектардан 26,5 мың гектарға дейін. Бұл – орынды шешім. Әкімнің де экономикалық аймаққа қатысты ұсыныстары бар. Халық тұтынатын тауарларды, соның ішінде азық-түлік өндірісін экономикалық қызмет түріне қосуға болады. Дегенмен жоғары сапалы өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына басымдық беру қажет. Үкімет пен әкімдік осы салаға егжей-тегжей талдау жасап, тиімді жұмыс жүргізуге тиіс. Қағазбастылық болмауы керек, нақты, нәтижелі жұмыс қажет», — деді Президент.
Қаржы маманының ойынша, Ақтау біз үшін Еуропаға шығатын жалғыз транзиттік хаб. Ақтау және Құрық порттары Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі негізгі тораптың бірі саналады. Соңғы жылдары бұл дәліз арқылы жүк жеткізу мерзімі үш есе қысқарды. Тасымал құны тұрақталды. Озық технологиялар жаппай енгізіле бастады.
«Биыл Құрық-Жетібай тас жолын жөндеу жұмысы аяқталады. Енді Түрікменстан бағыты бойынша көлік-тасымал әлеуетін арттыру қажет. Жаңаөзеннен шығып, Кендірлі арқылы Түрікменстан шекарасына дейін баратын күре жолды жөндеуге биылдан бастап кірісуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.
Айбар Олжаевтың пікірінше, біз порт санын арттырып, олардың өткізу қуатын асырсақ, Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолының негізгі ойыншысына айналамыз. Түркіменстан бізге Оңтүстік коридордан өту үшін аса қажет болып тұр.
Сондықтан Президент Маңғыстауға дер кезінде барды. Осы маусымда біраз инфрақұрылымды жаңғырта алсақ, жаңа нарықтар іздей бастаған Қытайдың таптырмас транзиттік серіктесі болатынымыз анық.
Маңғыстау облысы — Қазақстанның батыс қақпасы ретінде стратегиялық маңызға ие өңір. Оның болашағы инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық, энергетикалық және туристік салалардағы ауқымды жобалармен тығыз байланысты.
Көлік және логистика: жаңа әуежай мен портты кеңейту
2025 жылы Кендірлі курорттық аймағында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Бұл әуежай сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады және Алматы мен Астана бағыттарында тұрақты рейстерді қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ақтау портында контейнерлік хабтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл хаб порттың қуаттылығын жылына 140 000-нан 240 000 TEU-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика: жасыл сутегі өндірісі
HyrasiaOne жобасы аясында Маңғыстау облысында 40 ГВт жел және күн энергиясы негізінде 2030 жылға дейін 2 млн тонна жасыл сутегі немесе 11 млн тонна жасыл аммиак өндіру жоспарлануда. Бұл жоба Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға бағытталған.
Туризм: Кендірлі курортын дамыту
Кендірлі аймағы Каспий жағалауындағы ірі туристік орталық ретінде дамытылуда. Жаңа әуежайдың салынуы және инфрақұрылымның жақсаруы бұл аймақты халықаралық деңгейдегі курортқа айналдыруға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым: ұлттық жоспарлар мен инвестициялар
Қазақстан үкіметі 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдады. Бұл жоспар аясында энергетика, көлік, цифрлық және су инфрақұрылымы салаларында 204 жоба іске асырылады.
Болашақ келбеті
Маңғыстау облысы көлік-логистика, энергетика және туризм салаларындағы жобалар арқылы Қазақстанның батыс қақпасы ретіндегі рөлін нығайтып келеді. Бұл өңірдің дамуы елдің экономикалық өсуіне және халықаралық байланыстарын кеңейтуге елеулі үлес қосады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру