Әлеуметтік желіде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың журналистерге берген сұхбатында мемлекеттік тілде кәдімгідей көсіліп қалған видеосы көрсетілді деп хабарлайды ozgeris.info порталы turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты өзінің Facebook-тегі парақшасына журналист Ербол Мәндібек жариялады.
«Жаңа Қазақстанның Үкіметі көпке үлгі. Роман Склярдың қазақшасы бұрынғыдан да жақсарып қалыпты. Халықтың тілін тұрмақ, жанын ұғыну үшін күн сайын қазақшаны кәсіби үйреніп жатқаны байқалады. Біздің шүлдірбайлар мен міңгіркүлдер осыдан сабақ алса, кәнікей? Жарайсың, Склярым!» деп жазды ол.
Премьер-министрдің бірінші орынбасарының қазақшасына көп адам тәнті болып, комментарийлер де жазып жатыр.
Осы жерде оның ана тілімізде жақсы сөйлеп жатқанын ескере отырып, тілінің тікенегі де бар екенін айта кету керек. Қазақшасы судай болмаса да удай екен.
Ол видеодағы сұхбатта Қазақстанның қазіргі экономикасын сынға алып, еліміздің басыбайлы мұнайға тәуелді болуы құрдымға апаратынын тура айтыпты.
«Мен үшін қызмет маңызды емес. Егер жұмыста қателік жіберсем, жауап беремін. Бірақ біз болашақта не өнеркәсібі бар, не өнеркәсібі жоқ ел боламыз. Сол үшін менің жаным ауырады. Ертең күнімізді құр мұнаймен көре алмаймыз. Бүгінде бүкіл әлем мұнайға тәуелділіктен арылудың қамын жасап жатыр. Сондықтан сіздерден осы проблемаға тереңнен үңілуді сұраймын. Барлық жауапкершілікті мен өз мойныма аламын», – деді ол.
ПІКІР ЖАЗУ