Қазақстанда 2025 жылы әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы мөлшері көтеріледі

Фото: gov.kz

2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет аясында Қазақстанда әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы мөлшері айтарлықтай ұлғайтылады. Бюджет жобасына сәйкес 2025 жылы әлеуметтік салаға 9,78 триллион теңге бөлінеді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 794 миллиард теңгеге көп. Заң жобасы бүгін Мәжіліс депутаттарына таныстырылды, — деп хабарлайды ozgeris.info.

Қаржы министрлігінің БАҚ өкілдерімен бөліскен құжатында бюджеттің қомақты бөлігі әлеуметтік бағытқа жұмсалатыны көрсетілген.

Негізгі бағыттар бойынша өзгерістер:

  1. Зейнетақы төлемдері артады:

2025 жылы зейнетақы төлемдеріне 5,26 триллион теңге бөлінбек. Бұл сома 2024 жылмен салыстырғанда 626 миллиард теңгеге көп.

  • Ынтымақты зейнетақы мөлшері 3,49 триллион теңгеге дейін өседі. Зейнеткерлердің саны 2,64 миллион адам.
  • Базалық зейнетақы төлемдері де артады — 2025 жылы бұл мақсатқа 1,67 триллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат 2,52 миллионнан астам адамға жұмсалады. Базалық зейнетақы төлемдері Қазақстандағы өмір сүру деңгейіне сәйкес белгіленіп, зейнеткерлердің ең төменгі қажеттіліктерін қамтуы тиіс.

2. Әлеуметтік жәрдемақылар өседі:

Әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражат 2025 жылы 2,02 триллион теңгені құрайды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.

  • Балалары бар отбасыларға төленетін жәрдемақылар 1,09 триллион теңгені құрайды, бұл 1,74 миллион отбасыны қамтиды.
  • Мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше санаттағы азаматтарға төленетін жәрдемақылар (оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, асыраушысынан айырылған азаматтар) да 2025 жылы 925 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылады. Жәрдемақы алушылардың саны 1,16 миллион адам.

3. Денсаулық сақтау саласына инвестициялар:

2025 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 133 миллиард теңге.

  • Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,72 триллион теңге бөлінеді.
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 2025 жылы 701 миллиард теңге қарастырылған.

4. Білім және ғылымды дамыту үшін:

2025 жылы ғылым және жоғары білім саласына бөлінетін қаржы да едәуір артады — 118 миллиард теңгеге көбейіп, жалпы сомасы 791 миллиард теңгені құрайды:

Ғылымды дамыту үшін 2025 жылы 260 миллиард теңге бөлінеді.

Жоғары оқу орындарында білім беру сапасын арттыру мақсатында гранттар саны ұлғайтылып, студенттердің стипендиялары көбейтіледі. Сонымен қатар білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту және оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарланып отыр.

5. Туризм және спорт

2025 жылы спорт және туризм саласына 141 миллиард теңге қарастырылған: қаражат жоғары спорт пен бұқаралық спортты қолдауға және ұлттық спорт түрлері мен спорттағы дарынды жастарды дамытуға арналады.