Алматыда Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Олжас Бектенов пен Абдулла Ариповтің төрағалығымен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысы өтті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тараптар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға ресми сапары қарсаңында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және екі мемлекет басшыларының уағдаластықтарын іске асыру қарқынын қарастырды.
Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-ы тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $4,5 млрд құрады, 2024 жылдың 4 айында оның көлемі $1,2 млрд-тан асты.
Өнеркәсіптік кооперация 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, $3,1 млрд сомасына 69 жобаны іске асыруды көздейді. Бүгінгі таңда $217 млн сомасына 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылып, 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта $178 млн-ға 3 инвестициялық жоба іске асырылуда. Ірі жобалардың бірі – Тараз қаласындағы 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электрометаллургия зауыты.
Машина жасау саласында Қазақстан мен Өзбекстан жыл сайынғы негізде электротехникалық өнімдер мен аккумуляторларды өзара жеткізу көлемін ұлғайту бойынша ынтымақтастықты кеңейтетін болады.
«Өзбекстан біз үшін тату көрші, одақтас әрі бауырлас мемлекет. Біздің үкіметтеріміздің алдына екі елдің Мемлекет басшылары орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымын $10 млрд дейін жеткізу бойынша ауқымды міндет қойды. Бұл бағытта біз агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өнеркәсібінде сауданы ұлғайтуға, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация деңгейін арттыруға мүдделіміз», – деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде Абдулла Арипов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары стратегиялық әріптестік пен одақтастық негізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 5 жылда 29,5%-ға өсіп, $4,4 млрд құрады. Отандық тауарлардың экспорты 56,9%-ға – $2 млрд-тан $3,1 млрд-қа дейін өсті. Осы кезеңде импорт 9,1%-ға азайып, 2023 жылы $1,3 млрд құрады.
Отырыс қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысының хаттамасына қол қойылды.
ПІКІР ЖАЗУ