Атырау халқы күн сайын түрлі қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Бұл жолы шегірткенің шабуылы ауыл тұрғындары мен қала тұрғындары үшін күрделі мәселеге айналды. Сонымен қатар ашкөз жәндіктер диқандарды сарсаңға салып отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Зиянкестер егінге ғана орасан зиян әкеліп қоймай адам өміріне де қауіп төндіріп отыр. Тұрғындар жерді, ағаштарды, ғимараттарды шегіртке басып алғанын айтып шағымдануда.
«Олар барлық жерде өріп жүр. Мен өмірімде мұндай көп шегіртке көрген емеспін. Үйлер, көшелер және көліктер зиянкестерден көрінбей қалды», – дейді Амангелді Айжарық.
Кейбір аймақтарда адамдар жәндіктерге жем болмаймыз ба деп үйлерінен де шыға алмай отыр. Әсіресе егіннің едәуір бөлігіне өз зақымын тигізген шегірткелер саяжай ұстайтындардың қорқынышты түсіне айналды.
«Менің егістіктерім толығымен жойылды. Биыл жақсы өнім аламыз деп ойлаған едік, енді не істерімізді білмей отырмыз…», — деп шағымданады Айгүл Мансұрова.
Егістікке тиген зияннан бөлек, қорыққандарға қос көрініп психологиялық соққы алып жатқандар да бар екен.
«Адамның психоэмоционалды күйі бұзылып, фобиялары барлар да зардап шегуде. Ал бұл қисынсыз қорқынышпен күресу қиын. Маған кір жаю үшін тіпті балконға шығудың өзі мұң болып отыр», — дейді тағы бір қала тұрғыны.
Дегенмен, зиянкестердің шабуылынан пайда көргендер де табылды. Балықшылар шегірткелерді жем ретінде іске асырып жүр екен.
Бұдан бөлек осы уақытқа дейін 16 адам қарақұрттан зардап шеккен. Жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне түскен 6 адамның үшеуі — бала. Өрмекшінің бұл түрі қауіпті. Әсіресе Индер, Құрманғазы аудандарында жағдай ушығып тұр. Ал бүгінге дейін 485 түйені қарақұрт шақса. ойсылқара тұқымының 90-ы өлген.
Онсызда қарақұрт малды қырып, шыбын-шіркей адамды талап, бақалар қаптап көресінді көріп отырған атыраулықтар үшін шегіртке жығылғанға жұдырық болып отыр.
ПІКІР ЖАЗУ