2024 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1408 жұмысшы зардап шегіп, оның 202-і қаза болған. Дегенмен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мәлім еткендей, 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеген.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,20 құрады.
«Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 159 адам, ШҚО-да – 124 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Абай облысында – 101 адам, Қостанай облысында – 91 адам, зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 116 адам зардап шекті», — делінген хабарламада.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 18,3% және құрылыс саласында – 10,1%.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (35,5%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (31%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,2%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,6%).
Әр сандардың артында – адам өмірі
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, өндірістегі жазатайым оқиғалар еңбек қауіпсіздігін сақтамағаннан туындап отыр.
«Жазатайым оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болған. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – біреудің өмірі. Біреудің отбасы әкесіз, анасыз, ұлсыз қалды. Мұның бәрі кездейсоқ емес, бұл – қауіпсіздік ережелеріне көз жұму салдары», — деп жазды ол өзінің Telegram арнасында.
Еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандардың жартысынан көбі тек ескерту алатын. Ал егер бұл бұзушылық адамның өмірін қиып кетсе ше? Сол адамның отбасы алдында кім жауап береді?
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгіздік. Қызу талқылаудан кейін олар қабылданды. Енді ескерту болмайды. Тек нақты және әділ жазалар болады», — деді ол.
Не өзгерді?
- Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды.
- Айыппұлдар көлемі арттырылды:
- алғашқы бұзушылық үшін – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;
- қайталанған бұзушылықтар үшін – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.
Бұл “айыппұлмен ақша жинау” емес. Бұл – әділдік және адам өмірін қорғау. Адал жұмыс берушілерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл нормалар тек қауіпсіздікті елемейтіндерге қатысты.
Нәтиже?
Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу енді жазасыз қалмайды. Қызметкерлер қауіпсіз еңбек жағдайына лайық. Ал мұны түсінбейтіндер заң алдында жауап береді.
Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,3%-ға төмендеді.
Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат — Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 605 кәсіпорын қосылды.
Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тік моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді.
Бұдан басқа, жұмыс берушілерге еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік беретін «Онлайн еңбек консультанты» электрондық сервисі іске қосылды. Сервис іске қосылған сәттен бастап оны 42 985 жұмыс беруші пайдаланды.
Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда, ол 4 негізгі бағытты көздейді. Бұл тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттіліктер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру. Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану мен кәсіптік сырқаттанушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру