Қаңтар оқиғасы кезінде Дикий Арманның қалай әрекет еткені әшкере болды

Алматы қаласында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны және азаматтарды ұрлағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Сот анықтағандай, 2016 жылы ҚР ҰҚК 5-ші департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Ысқақов ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына кепілдік беретінін айтып, Жұмагелдиевті серіктестікке көндірген. Бұл келісімнен кейін Жұмагелдиев Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде қылмыстық ұйымды қалыптастыруға кіріскен.

Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасынан бұрын 2021 жылы желтоқсан айында Қазақстанға келген. Ал 2022 жылы қаңтар айында жаппай тәртіпсіздік басталғанда “Қазақстан” қонақ үйінде штаб ұйымдастырған Қайрат Құдайбергеннен шақырту алып, сонда қарулы топтың іс-әрекеттерін басқарып отырған. 2022 жылы 5 қаңтар күні Жұмагелдиев бастаған топ Республика алаңына екі рет шыққан. Олар билікке талап қою үшін “Халықтық кеңес” түріндегі конституциялық емес орган құруды жоспарлаған. Кейін Жұмагелдиев жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар санын көбейту үшін Алматы мен Шымкент қалаларынан өз бандасының адамдарын шақырған,- деді Алматы қалалық соты.

2022 жылдың 5 қаңтарынан 6-сына қараған түні ҰҚК басшылығы ұсталғаннан кейін Ысқақов жаппай тәртіпсіздік бойынша жоспардың сәтсіздігін түсініп, қылмыс іздерін жасыруға кіріскен.

Алматы қаласындағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен ол Жұмағелдиевке адамдарды ұрлап, оларды “Қазақстан” және “The Ritz Carlton Almaty” қонақ үйлерінде ұстауға нұсқау берген.

Банда мүшелері барлығы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соққан. Мысалы, “The Ritz Carlton Almaty” қонақ үйінің жанында Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының 15 мүшесі өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, ондағы 5 азаматты ұстап алған. Кейін жәбірленушілерді қонақ үйдің жерасты паркингіне мәжбүрлеп апарып, іш киімдері қалғанша шешіндіріп, ұрып-соққан. Банда мүшелері жәбірленушілерді жаппай тәртіпсіздіктер мен бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқанын мойындауға мәжбүрлеген. Жұмагелдиев өзі ұйымдастырған қылмыстардың іздерін жасыру үшін Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру машинасын қайтарып, 12 қалалық аурухананы күзетке алған, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болды. Іс қатысушыларының аталған қылмыстық әрекеттері куәгерлердің тұрақты айғақтарымен, сараптамалармен, сотта зерттелген бейне дәлелдемелермен расталады, — деді Алматы қалалық соты.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жұмагелдиев Арманның қылмыстық тобының басшылары мен қарулы тобының мүшелері, сондай-ақ ҰҚК-ның 5-Департаментінің экс-басшысы Искаков Руслан, Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Құдайберген Қайрат және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралып аяқталды.