«Кальмар ойыны» балаңызды қылмысқа «жетелеп» жүрмесін!

Әлемді дүрліктірген, бүгінде тоқсан елге тарап үлгерген «Кальмар ойыны» фильмі туралы сіз не білесіз? «Хит» сериал балаларға қауіпті ме? Бұл сериал бізге не береді? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Алдымен «хит» болған сериалға тоқталсақ, «Кальмар ойыны»  — шытырман оқиғалы боевик, триллер және драма жанрында түсірілген фильм. Бұл — «Осындай ойындарға қатыссам, қандай сезімде болар едім?» деген режиссердің қиялынан туған шығарма. Небәрі 9 бөлімнен тұратын сериал тұсаукесерден кейін бірден Топ-10 тізіміне енген.

Сериалдың сюжетіне келетін болсақ, өмірде қарызға белшесінен батқан 456 адам ешкім білмейтін, жұмбақ ойынға қатысуға шақырту алады. Олар 38,5 миллион АҚШ долларын ұтып алу үшін өз өмірін қауіпке тігеді. Алғашында ойынның құны өз өмірі екенін түсінбей келеді. Бірақ екінші рет олар ойынға қатысуға, ұтылса өлімді сол күйінде қабылдайтынына келіседі. Әрбір эпизодтағы  өлімнің түрлі «сценарийлері» әлеуметтік желілерде тез «трендке» айналып кетті. Осылайша фильмдегі ойындарды әлемде қайталаушылар саны күн санап артып келеді.

Ескеретін жайт, фильм 18 жастан асқан ересектерге арналған. Алайда сериалды ғаламторда еш қиындықсыз балалар да қызығып, жарыса көруде. Онсыз да корей ұлтының фильмдерін, дорамаларын сүйіп көретін қазақ жастары «Кальмар ойыны» фильмдегі эпизодтарды қайталауға тырысуда.

       

Қазір қоғамда бұл фильмде көрсетілген ойындарды мектеп оқушыларының қайталап, жасап жатқандығы кеңінен талқылануда. Сол себепті еліміздің психологтары ата-аналардан 18 жасқа толмаған балаларына аталмыш сериалды көрсетпеулерін сұрайды. Себебі фильмді көрген балалар адам өлтіруді ойын деп қабылдауы мүмкін.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №85 орта мектептің психологі Әйгерім Ибакованың айтуынша, бұл сериалдардың жастарға зияны көп, берер тәрбиесі жоқ.

— Ғаламторда кеңінен таралып кеткен бұл сериал балалар үшін өте қауіпті болып отыр. Қоңырауда балалар кинода көрсетілген ойындарды қайталап ойнайды. Айтатындары да осы фильм. Әлі ақылы толыспаған, жақсы мен жаманды айыра алмайтын балалардың психологиясына бұл сериал кері әсерін тигізіп жатыр.

Осы сериалды көрген балалар болашақта қылмысқа баруы мүмкін. Олар қазір көп нәрсені түсінбейді. Бұл жерге ата-аналар балаларына тосқауыл жасап, бұл сериалды қарауына рұқсат етпеуі керек, — дейді психолог.

Ғаламторда «хит» болған фильмнің балаларға көрсетуіне қазір ата-аналар да наразылық танытуда. Олар балаларының бұл фильмді жасырын түрде көруі мүмкін екендігін айтып, дабыл қағуда.

— Ойын аралас фильм, шын мәнісінде, балаларды қатыгездікке тәрбиелейді. Сондықтан мектеп жасында психикасы толығымен қалыптаспаған балаларға бұл фильмді көрсетпеуге тырысу керек. Дегенмен барлық ата-ана баласын 24 сағат бойы қадағалап отыра алмайды. Сол үшін балаларға бұл фильм қолжетімсіз болуға тиіс, — дейді BINOM мектебінің ата-аналар комитетінің мүшесі Назерке Қарамолдина.

Ең қызығы, қазір бұл фильмді жастардан бөлек ересектер де ерекше қызығушылық танытып, көріп жатыр. Ондаған жыл бойы мойындалмай келген сценарий бір-ақ күнде вирус іспетті таралып кетті. Актерлердің фанаттары, оларға әлеуметтік желіде жазушылар саны миллиондап көбеюде. Тіпті нарықта «Кальмар ойыны» атты ойындар мен бетперделер сатылымға шыққан. Демек, сұраныс бар. Мәселен, инстаграм желісінде сериалдағыдай бетперделер ашық түрде сатылуда. Бағасы 5500 теңгеден басталады. Ең ақыры, бетперделерден бөлек спорттық киімдер де сатылымға шығып жатыр. Ал бұл ессіздікке «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмай тұр!

Р.S. Жастар кинода көрсетілген қатыгездікке толы ойындарды ойнап ғана қоймай, образдарға еліктеп киініп, солардың қимыл-әрекеттерін қайталап жатыр. Тіпті, бұл сериалды «тренд» деп қабылдаған балалар ондағы эпизодтарды түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеуде.  Сондықтан ата-аналарға айтарымыз, болашақта балаңыз қатыгез, тасжүрек және қылмыскер болсын демесеңіз, қазірден бастап оның ғаламторда не көріп жүргенін қатаң қадағалаңыз. Фильм көргісі келсе, қазір ғаламторда мейірімділік пен махаббатқа, достыққа, отаншылдыққа тәрбиелейтін дүниелер өте көп.

 

Аяулым ҚАНАҒАТ.