Біз затты қымбатқа, олар арзанға алғанымен мақтанады. Естеріңізде ме, Шымкенттегі бір тойда құны $66 мың делінген торт видеосы бүкіл әлеуметтік желіге тарағаны?
Бізде қымбат үйлері мен люкс бренд киімдерін көрсету — мәртебе. Амстердамда үй-жайы, тіпті фитнес залы мен музыкалық аспаптар коллекциясы бар танысым бір аяқкиімін 10-15 еуроға алғанымен мақтанғанда таң қалдым.
Сөйтсем, мұнда үнемшілдік әдептілік пен жақсы тәрбиенің нышаны екен. Ысырапшылдыққа тіксіне қарайды. Қымбатқа әкелген сыйлықтарымды құптамады. Дүкендерде – акциялар, купондар, тағы да үнем. Ерінбей шүберек сөмкелерімен барады. Барлық салада, тіпті мұражай аралауда да үнемдеу тәсілдері бар. Әр мұражайға кірсең – 20-30 еуро кетеді, 400-ден астам мұражайды тегін аралауға мүмкіндік беретін карта – 69 еуро.
Ең үнемді көлік – велосипедпен жүреді. Тіпті кейбір жерде велосипед жолдарын «solaroad» — күн батереяларына айналдырған. Одан жиналған энергияны көше жарығын, электромобильдерді қуанттандыруға және басқа мұқтаждықтарға пайдаланады.
Тамақты мейрамханадан алғаннан көбірек өздері жасағанды жөн көреді. Айтпақшы, суды да сатып алмауға болады. Краннан іше бересіз. Бұл жақтағы су тазарту жүйесі – әлемдегі үң үздіктердің бірі. Үйдегі ескі техникаларды «өңдеу кафелеріне» апарып тастаса, оларды жөндеп, қайта іске қосады.
Голландықтар барлық затты, тіпті қоқысты да қайта өңдеп, пайдаға жарату жағынан әлемде алда. Бұл тиімді бизнеске айналғаны соншалықты, қалдықтарды көрші елдерден сатып ала бастапты.Қоршаған ортаға зияны аз, кемінде 10 жылға дейін қызмет ететін смартфонның жаңа түрін — «fairphone» тағы солар шығарады.
Олардың күнделікті тұрмысындағы үнемшілдік тұтас мемлекеттік экономикалық саясаттың тетігіне айналған. «Теңге – тиыннан, жылқы — құлыннан» деген қазақ мәтелін біз емес, олар қатаң ұстанатын тәрізді. Былтыр Нидерланд экономика көлемі жағынан әлемде 17 орын алды, адам дамуы индексі (ИЧР) бойынша – 8 орында, Ғаламдық инновациялық рейтингте – 6 орында.
Қазақстан үш көрсеткіш бойынша да «елулікке» кірмейтіні мәлім. Өмір сапасы мен экономикалық белсенділік өлшемі — ІЖӨ (ВВП) Нидерландыда — $914 млрд. Қазақстанда – $163 млрд (2020 жыл бойынша).
Ал жер көлемі жағынан Қазақстанға 6-7 Нидерланд корольдігі сыйып кетеді. Халқы жағынан шамалас. Кейбір зерттеулер бойынша, олардың мұқтаждықтары өздерінің табиғи ресурстарынан 6 есеге артық. Соған қарамастан, олар қазба-байлық қоры жағынан әлемдегі 11 елдің бірі – Қазақстан экономикасының ең үлкен инвесторы. Былтыр жарты жылда 3 млрд.доллардан артық тікелей инвестиция салған. Ол аздай, өткен жылы Қазақстанның сыртқы қарызы $166 млрд болса, соның ең қомақты бөлігі – $44,7 млрд Нидерландтан алынған.
Бұл шынайы дәулет – жер байлығында емес, соны жарата білетін адамдар мен олардың құндылықтарында екендігін еске салады. Үнемшілдік, қанағат, жаңашылдық сияқты рухани құндылықтар нидерландықтарды материалдық байлыққа жетелеген. Ал біздің әл-ауқат формуламыз, бәлкім, Абай айтқан «бес асыл іс» мен «бес дұшпанда» жатқан шығар.
KazUnite.com
ПІКІР ЖАЗУ