Кәсіпкер Дулат Тастекей Ұлы Абайдың 180 жылдығына керемет бір бастама көтеріп жатыр.
2025 жылдың 10 тамыз күні дүние есігін ашқан барлық Абайларға 180 мың теңгеден бермек екен. Бұл бастаманы басқа да қоғам белсенділері қолдап кетті. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай бұл бастаманы шама-шарқысына қарап қолдайтынын жеткізді.
«Қазақта Абай деген ат аз емес. Ал Құнанбай ше? Алда бір жазғанымдай Құнанбай, Дөнентай, Тұрсын сынды қазір қазақы аттар қойылмай кетті. Есесіне арабша аттар қаптады. Бұл бір. Екіншіден Абайдың Абай болуына ықпал еткен әкесі. Емендей берік, бәйтеректей зор Құананбай! Қарадан шығып хан болған. Әділдікті қақ жарған шешен әрі балуан болған тұлға», — деп жазды ол.
Журналист шарттарын да тізіп шықты.
«Ұлының атын Құнанбай деп қойған он адамға «Аламан» компаниясының атынан 3 млн теңге бөлемін. Яғни балаңыздың атын Құнанбай деп қойсаңыз 300 мың теңгені бірден шотыңызға аударып жіберем. Ол үшін мына нөмірге 8-707-179-79-42 дәлелдейтін туу туралы куәлікті жіберсеңіз болғаны. Бұл шара 1 наурыздан басталады. Оған дейін барынша репост жасап қолдап жіберсеңіздер. Ата-ана атанғалы отырған жандарға хабарымыз жетсе екен дейміз.
Әрине кейін бұл шараның есебін өздеріңізге беремін. Он сәби Құнанбайды өздеріңізге таныстырамын. Сіздер ақ тілектеріңізді айтасыздар», — деп қорытындылады журналист.
Журналист Гүлзина Бектасова статистиканы келтірді. Айтуынша, елімізде 1-18 жас арасында Құнанбай есімді 135 бала бар. Құнанбай есімді 22 баланың жасы – 3-те, бір Құнанбай 12-де болса, біреуі – 13-те.
Айта кетейік, Құнанбай Өскенбайұлы — би, аға сұлтан, Абайдың әкесі, көрнекті қайраткер. Құнанбай жасынан палуан, найзагер болды, қатал да әділдігімен ерекшеленіп, әкесі Өскенбайдың тәрбиесін ала отырып, ел билігіне араласты. 1834 ж. әкесінің орнына Күшік-Тобықты болысының старшындығына сайланады. Осыдан 1856 жылға дейін билік тізгінін қолынан шығармаған. Құнанбай — аса күрделі тұлға, билік тізгінін ұстаған кезіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы. Ол би, болыс, аға сұлтан кезінде биліктің үш тұтқасын — қазақтың дәстүрлі заңын, патша өкіметінің «Сібір қазақтарына арналған низамын», шариғат жолын қатар ұстанды.
ПІКІР ЖАЗУ