Еуропалық Одақ жобасы Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық округтерінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ықпал етіп жатыр, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
ПЕТРОПАВЛ — «Солтүстік Қазақстан облысының үш ауданындағы ауылдық округтердің өмір сүру сапасын арттыруға және экономикалық дамуына бағытталған жергілікті өзін-өзі басқару үдерісінің тетіктерін әзірлеу және енгізу» жобасы қорытынды конференцияда өз нәтижелерін ұсынды.
Екі жылдық жоба Еуропалық Одақтың (ЕО) қаржылық қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Қызылжар және Мамлют аудандарында «INTEGRITY ASTANA» ЖМ және «The Last Hope» ҮЕҰ-мен іске асырылды.
Қол жеткізілген негізгі нәтижелер:
— Қоғамдастықтарды дамыту бойынша оқытудан 114 адам, оның ішінде 62 әйел өтті.
— Бизнесті дамыту бойынша оқытудан 80 адам, оның ішінде 45 әйел өтті.
— Мақсатты аудандар үшін қоғамдастықты дамытудың 8 жоспары әзірленді.
— «Үздік қоғамдық бастамалар» ашық конкурсының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 30 млн теңгеге қаржылық қолдау көрсету бойынша іріктеліп алынған 5 әлеуметтік және 9 бизнес-жоба сәтті жүзеге асырылды.
– Сауалнамаға сәйкес, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің 80%-ы жергілікті өзін-өзі басқару тетіктері туралы білімін арттырған
Конференцияға қатысушылар жобаның қорытындылары мен Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды талқылады. Қаржылық қолдау бенефициарлары құрылыс материалдарын өндіру және қайта өңдеу, аспаздық және ауылшаруашылық өнімдері, ауыз су, мүмкіндігі шектеулі жандардың бос уақытын ұйымдастыру бастамалары, балаларға арналған ойын алаңдары сияқты әртүрлі салаларды қамтитын өздерінің әлеуметтік және бизнес жобаларын таныстырды.
Қазақстандағы Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур:
«Еуропалық Одақ Қазақстанның одан әрі демократияландыру, ырықтандыру және орталықсыздандыру бағытында жүргізіп жатқан реформаларын құптайды. Осы жоба арқылы біз жергілікті әкімшіліктерге және ауыл тұрғындарына даму басымдықтары туралы ортақ түсінік қалыптастыруға және өмір сүру деңгейін жақсарту үшін күштерді біріктіруге көмектесуге қуаныштымыз» — деп мәлімдеді.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибуллин өз кезегінде бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды:
«Бұл жоба мақсатты қоғамдастықтарға жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін жақсартуға және халқымыздың адами және экономикалық әлеуетін дамытуға көмектесті. Тұрақты даму мен демократияны қолдау үшін біз азаматтық қоғаммен және жергілікті бизнеспен ынтымақтастықты нығайтуымыз керек».
Жобаны «Integrity ASTANA» ЖМ «The Last Hope» ҮЕҰ-мен бірлесіп жергілікті әкімшіліктермен, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қорының, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өңірлік бөлімшелерімен тығыз серіктестікте іске асырды. Жобаның жалпы бюджеті: 281 278 Еуро, оның ішінде ЕО-ның 250 000 Еуро салымы.
ПІКІР ЖАЗУ