Еуразиялық қаржы компаниясы Александp Машкевичтің өлім себебін атады

Фото: Еrgkazakhstan

71 жасында Eurasian Resources Group (ERG) мен Еуразиялық қаржы компаниясының тең иесі Александр Машкевич көз жұмды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Александр Машкевич – Eurasian Resources Group (ERG) акционері және директорлар кеңесінің төрағасы болған. Бұл компанияға ол Патох Шодиев, Ибрагимовтар отбасы және Қазақстан үкіметімен бірге иелік еткен. Топ құрамына «Қазхром» трансұлттық компаниясы, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі, «Қазақстан алюминийі», Қазақстан электролиз зауыты кіреді.

Шодиев және Ибрагимовтармен бірге «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық өнеркәсіп компаниясы» АҚ және «Еуразиялық өндіріс компаниясы» ЖШС-не иелік етеді.

Eurasian Resources Group Александр Машкевичтің өмірден өтуіне қатысты пікір білдіріп, оның қайтыс болу себебін жариялады.

«Қаралы хабарды жеткізгіміз келеді. 2025 жылдың 22 наурызында, 72 жасында, ұзаққа созылған аурудан кейін, белгілі қазақстандық кәсіпкер және қоғам қайраткері, Eurasian Resources Group (ERG) негізін қалаушылардың бірі Александр Антонович Машкевич өмірден өтті. 2014 жылдан 2024 жылға дейін ол ERG Директорлар кеңесінің төрағасы болды. Сонымен қатар Машкевич ұзақ жылдар бойы «Еуразиялық банк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды», – деп хабарлады компаниялар тобының баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде.