Әлеуметтік желіде Қызылорда облысында терезесі жоқ жедел жәрдем көлігінің мүшкіл халі түсірілген бейнежазбасы пайда болды.
Бейнежазбаны мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Бейнежазбадан жедел жәрдем көлігінің терезесінің жоқ екенін, терезенің орнына көрпе жауып қойғанын, жедел жәрдем қызметкерінің көліктің есігін ашу үшін қасық қолданып жатқанын көруге болады. Бұл көліктің Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі медициналық мекемеге тиесілі екені анықталды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақпаратты растады. Басқарма мәліметінше, кенттегі жедел жәрдем көліктерінің бұзылып қалуына байланысты ескі көлік уақытша пайдалануға берілген. Жөндеуде тұрған көліктер біртіндеп қайта пайдалануға беріледі екен.
“Қазіргі таңда вирустық аурулардың көбейіп шақырулардың жиілеуіне байланысты осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Ал жөндеуге қажетті қосалқы автобөлшектерді алу мемлекеттік сатып алу порталы арқылы белгілі бір уақытты қажет ететіні белгілі. Қазіргі таңда автокөліктердің барлығы жөндеуден өтіп, өз жұмыстарына қосылды”, – деді Арал аудандық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Қуанышбаев Астана арнасына берген сұхбатында.
ПІКІР ЖАЗУ