Темірлан Еңсебек ісі: адвокат сот отырысына бақылаушыларды кіргізуді талап етті

Фото: instagram.com/qaznews24

Алматы қаласындағы Наурызбай аудандық сотында сатирик Темірлан Енсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша тыңдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Nur.kz порталына сілтеп.

Instagram-парақшасындағы жазбасынан кейін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін Темірлан сот отырысына тағы да Zoom арқылы қатысуда. Ulysmedia тілшісінің хабарлауынша, байланыс үнемі үзіліп жатыр.

Сатириктің мүддесін қорғаушы адвокат Жанар Балғабаева сот залын бақылаушылар үшін ашуды талап етті. Бұған дейін сот отырысының ашық түрде өтетіні туралы өтініш қанағаттандырылғанымен, кеше Темірланның жақтастары сот залына кіре алмай, сыртта қалған.

— Мен соттың жариялылық туралы уәдесіне сай барлық кемшіліктерді жоюды сұраймын. Трансляция жүріп жатқан екінші залға да адамдарды кіргізуді және бұл резонансты іске заңды түрде қызығушылық танытқандарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін жағдай жасауды талап етемін. Қоғамдық шиеленіске жол бермеу үшін сот залына барлық мүдделі азаматтарды кіргізуді сұраймын, — деді адвокат.