Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «КӨРКЕМ ҚАЛА – АЛМАТЫ» атты (Қазақстан бойынша 83 ақын қатысқан) ақындар мүшайрасында Ержан Жұмабекұлы 3-ші орын алды.
Ержан Жұмабекұлының бәйгеге қосқан өлеңі төмендегідей:
АҚЫНДАРДЫҢ АСТАНАСЫ — АЛМАТЫ
(Симбиоз)
Жырларың бар тыңдататын әлемге,
Сырларың бар космостық тереңде.
Бәрі жалған,
Сен ғана шын сияқты
көрінесің
Жан бітіріп өлеңге…
Нұрлы әлемі,
Ақылменен сезімнің,
Отанысың еңбекпенен төзімнің.
Жылаған да,
Бақытты ғой, Алматы,
Арман толы құшағыңда өзіңнің.
Саған ғана келер жолдай бар әлем…
Әке,
Ана,
Бауыр,
Әлде аға ма ең?!
Ару болсаң саусағыңа аялап,
Сатурнның сақинасын тағар ем…
Зұлымға да ұсынғаның төр еді,
Жақсылықтың жүрегісің себебі.
Әділдік пен адамдыққа сенбейтін,
Пенделерге сені үлгі еткім келеді.
Ең ғажайып күн ғой,
Саған келген күн,
Алтын қанат арғымақта тербелдім…
Күндер тоңып,
Өртенгенде көп түнім,
Күн бермеген сәулені де сен бердің.
Қаласың сен,
Тәніменен жаны бар,
Қасиеті,
Киесі мен ары бар.
Сен болсаң,
Мен
Бармын.
Егер,
Біз болсақ,
Махаббат бар,
Бақ бар, демек, бәрі бар!
Қайда барсам ойымда сен жүресің,
Мен сенде емес,
Сен менде өмір сүресің…
Арманыма алғаш басқан қадамым,
«Алматы» — деп аталады,
Білесің…
Үмітім мен сенімімді тасыттың,
Қанаттанып болашаққа асықтым…
Бәрі саған ғашық,
Білем мен оны.
Ал,
Сен кімге ғашықсың?!
Сұлу жоқ-ау, саған, жаным, теңердей,
Ғаламат та жоқ көңілді бөлердей.
Өзіңе арнап өлең жазып отырмын,
Ішімнен бір Абай шыға келердей.
Тарих тұнған әрбір тасың жаңғырып,
Көңіл тауын толқытады таң күліп…
Көктөбеден көрген кезде көркіңді,
Қарап тұрғым келеді ғой мәңгілік.
Сыйластық пен құрметті де «сен» деймін,
Тіпті, өзіңнен
Париж, Нью-Йорк кем деймін.
Қызықса да,
Қызғанса да,
Оларға,
Қарыз түгіл, күнәңді де бермеймін…
Ал,
Мен саған бәрін бердім,
Көктемде,
Анамды да, баламды да өткенде…
Енді берер сені сүйген жүрек пен
Өлеңімнен басқа ештеңе жоқ менде.
Асан қайғы іздеген жер жәннаты,
Ауаңда тұр бабалардың әр хаты…
Сен аман бол,
Төлқұжаты Қазақтың —
Ақындардың астанасы — Алматы!
ПІКІР ЖАЗУ