«Халықты қайыршы етті бұл жүйе»: Жеке қолға өткен ақылы тұрақтарды мемлекет қалай асырап келді

Фото: ozgeris.info
Депутаттар Мәжілісте ақылы автотұрақтарды мемлекеттің меншігіне қайтару мәселесін көтеріп жүргеніне біршама уақыт болды. Себебі ақылы автотұрақтардан азаматтардың «ақысын жеу» тоқтамай тұр. Кезінде әкімдік ақылы автотұрақтарды салып тастап, кейін оны жекеменшік компанияларға өткізіп тастаған. Бүгінде көлік жүргізушілердің арқасында жеке белгілі бір азаматтар қырауар ақша тауып отыр.

Еліміздің бас қаласы Астана және басқа да қалаларда осындай ақылы тұрақтардың саны көп. Мысалы тек Астана қаласының өзінде былтыр 7200-астам ақылы автотұрақ тіркелген. Биыл олардың санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Сағатына 100 теңгеге көлік қоятын қызметкерлер мен қарапайым халық үшін масыл болған кәсіп түрі ел бюджетіне емес, олигархтардың қалтасын қампитып жатыр. Ал Үкімет оның бар шығынын өз бюджетінен жауып отыр. Мысалы жолағын сызу, жарығын тарту, жолын түзеуді әкімдік атқарады.

Мәселенің негізгі астары да осы. Әкімдік ақылы автотұрақтарды жеке кәсіпкердің қолына беріп тастаған, сәйкесінше мемлекет «айыппұл жинаушы» рөлін атқарып келді. Шын мәнінде, мемлекет жеке меншік компанияның табысын қамтамасыз етіп отырды.

Ақылы автотұрақтар құру туралы шешімді кім қабылдаған? Халық қарсы боп жатқан жобаның жауапкершілігі кімнің мойнында? Бұл мәселені мәжілісмен Нартай Аралбайұлы көтерді. Халық қалаулысы желтоқсан айында арнайы депутаттық сауал жолдап, аталмыш ақылы тұрақтар жекеменшік компаниялардың құзыретінде болмау керек деген талап қойған. Себебі осы кәсіптен түсетін ақша ел бюджетін айналып өтіп жеке қолға түсіп жатыр. Мысалы әрбір 100 теңгенің 70%-ы тұрақтарды басқаратын жеке компанияның үлесіне тисе, 30%-ы ғана қалалық бюджетке түсіп отырған.

 

«2021-2024 жылдары астаналықтар ақылы автотұрақтарға 726 миллион ақша төлесе, соның 617 миллионы жекеменшік компанияның қалтасына кеткен», — дейді мәжілісмен.

 

Яғни жүргізушілер төлеген әрбір жүз теңгенің 14 пайызы немесе 14 теңгесі ғана ел қазынасына түседі. Сонымен бірге, кейінгі үш жылда елордада тұрақ ақысын төлемегендерге 5,6 млрд теңге айыппұл салынған, бұл тұрақ ақысынан 7,5 есе көп. Осы сынды Алматыдағы ақылы автотұрақ иелері саналған «Алматы спецтехпаркинг сервис» пен «Alan Parking» компанияларына 2022 жылға дейін жылына орта есеппен 1,5 млрд теңге қаржы түсіп отырған.

 

Ақылы автотұрақтардың артында кім тұр?

 

Депутаттар мен халықтың талабы орындалды. Енді Астана қаласындағы ақылы автотұрақтар 2025 жылдың жаз мезгілінде толықтай әкімдікке өтетін болды. Астанадағы ірі ақылы автотұрақ компаниясы «Парковочное пространство Астаны» ЖШС бұрын билікте жауапты қызметтер атқарған, талай жыл бойы экс-президенттің сенімді серігі болған, Астана қаласын басқарған Әділбек Жақсыбековке тиесілі. Астана қаласының әкімдігі Жақсыбековке қарасты жеке компаниямен келісімшартты бұзды. Елордада ақылы автотұрақтарға иелік еткен компанияның бизнесі мемлекет меншігіне өтті. Дәл осы кәсіпорнының былтырғы қаржы айналымы 6 млрд теңгеден асқан екен. Төлеген салығы 115 млн теңгеге жуық. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет жоқ.

Әділбек Жақсыбеков қазір елде емес деген ақпарат бар. Қырауар ақша тауып отырған кәсіпкер салық та төлемеген, көліктерді де күзетпеген, тұрақтың тазалығына да қарамаған. Бір сөзбен айтқанда «ауадан» ақша жасап келген.

Қалай десек те, елорда әкімдігі халықтың қалтасынан ақша сору схемасын тоқтатты.

Фото: ҚФФ

 

Екі жыл бұрын Олигарх Қайрат Боранбаев та табысты компаниясынан айырылған еді. Қайрат Боранбаевтың иелігінде болған A-Parking компаниясы да әкімдікке өткен. Сол кезде Alan Parking компаниясының 30 пайызы миллиардер Қайрат Боранбаевтың RR2 компаниясына тиесілі болды. RR2 ЖШС бас директоры Боранбаевтың інісі Мұрат Боранбаев болған.

«Монополияны жою және Алматы қаласы әкімдігі шеккен залалды қайтару мақсатында «AlanParking» ЖШС-ін толықтай, ал «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70 пайызын әкімдік меншігіне қайтару туралы ұсыныс түсті. Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғарыда аталған компаниялардағы үлестерді қайтару туралы қаулы қабылдады», — деп хабарлаған еді баспасөз.

 

Қайрат Боранбаевтың иелігіндегі болған компания ақылы көлік тұрақтарын орнатып, содан ақша жинаумен айналысқан.

Фото: forbes.kz

 

Айта кетейік, 2016 жылы Алматыдағы біраз көлік тұрақтары ақылы тұрақтарға ауыстырылды. Осыдан соң мегаполисте 11 мың автотұрақ ақылы болды. Бұл жалпы қаладағы автотұрақтардың 15 пайызын құрады.

Қаланың негізгі көшелерінің бойында, үлкен сауда орталықтары, базар маңындағы көлік тұрақтары сыртында Aparking жазуы бар сары аппараттар орнатылған. Қала тұрғындары мен қонақтары осы аппараттар арқылы көлік тұрақтарының ақысын төлеп келді. Кесімді ақы сағатына 100 теңге. Аппараттан төлейсіз, қолыңызға чек береді. Егер ақылы автотұраққа уақытылы төлем жасамасаңыз, сізге бірден айыппұл салынады, ал айыппұлды кесімді мерзімінде төлемесеңіз сіздің ісіңіз жеке сот орындаушыға жіберіледі. Ары қарай сот орындаушының ескертуінен кейін айыппұлды сот орындаушының ақысымен қосып төлеп құтыласыз немесе жеке есепшоттарыңыз бұғатталады. Онан кейін ісіңіз сотқа жіберіледі. Бұл біраз көлік жүргізушілерге етене таныс жағдай болуы мүмкін.

2022 жылдың қаңтарына дейін, яғни Қаңтар оқиғасына шейін Алматыдағы жол бойында тұрған ақылы тұрақтардың операторы (акцияның 70 пайызы аталған компанияға тиесілі) және қалалық айып тұрақтарының қызметі «Алматы спецтехпаркинг сервис» компаниясының иелігінде болған. Компания директоры Марат Пірінбеков. Ал AlanParking компаниясы Алматыдағы ақылы тұрақ алаңдарын басқарып келген, директоры Мұхтар Базарбаев. Қанды қаңтардың құйыны аталған компания басшыларын да шарпып өтті.

Былтыр 14 сәуірде Алматы соты AlanParking ЖШС директоры Мұхтар Базарбаевты қамауға алды. Кейіннен 18-і күні «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат Пірінбеков қамауға алынды. Бастапқы кезде «ірі көлемде ақша жымқырған болулары мүмкін» деген болжам айтылды. Содан қараша айына дейін күдіктілерді тергеп-тексеріп, ақыры 436 миллион теңге қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Одан соң іс сотқа жіберілді. Сөйтіп, 2023 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық соты М.Пірінбеков пен М.Базарбаевқа қатысты үкім шығарды. Сот М.Пірінбековтің 225 630 072 теңге көлемінде ақша жымқырғанын, ал М.Базарбаевтың 190 078 778 теңге ақша ұрлағанын анықтады. Сондай-ақ қылмыстарына сәйкес сот Пірінбековті 5 жылға бас бостандығынан айыру, Базарбаевты қауіпсіздігі орташа мекемеде 6 жыл 6 ай қамауда ұстауға үкім шығарды.

Сот үкімінен кейін Алматы қаласы әкімдігі: «25 сәуірден бастап автотұрақтардан түскен барлық кіріс қалалық бюджетке түседі» деп сүйіншілеп мәлімдеді. Әкімдіктің сөзінше: «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС үлесінің 70% және «Alan Parking» ЖШС үлесінің 100% қала меншігіне қайтарылыпты».

Енді одан түскен қаражат қаланың жолын жасауға, түрлі алаңқайларды, жол жиектерін абаттандыруға, қысқасы, қала тұрғындарының игілігіне жұмсалатын көрінеді.

«Алдағы уақытта халықаралық тәжірибені қолдана отырып, қалада көлік тұрағын орнату, ауланы абаттандыру бойынша тұжырымдама әзірленеді. Көпқабатты көлік тұрақтары да ашылуы мүмкін. Жоғарыда аталған компаниялардың ақпараты бойынша, ақылы тұрақтардан қаржы айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, бюджет қаражатын ұрлаумен байланысты тергеу жүргізіліп жатыр», — деп ақпар таратты баспасөз қызметі.

 

Alan Parking қызметі тоқтағаннан соң орнына «Алматы паркинг» құрылды. Қазіргі күнде Алматы ақылы автотұрақтары мемлекет меншігінде.

 

Автотұрақтарды цифрландыру

 

Отандық көлік индустриясына цифрлық технологиялар енгізудің нәтижесінде былтыр ел экономикасына 20 млрд теңгеден астам табыс түскен. Дәлірек айтқанда, «Parqour» компаниясы елдегі 200-ден астам автотұрақты цифрландырған. Бұл өз кезегінде “ашықтықты және кірістерді ұлғайтуға ықпал етеді” дейді сала мамандары. Ведомство өкілдері IT өнімдерді тек автотұрақтарға ғана енгізумен шектелмейтін атап өтті. Естеріңізде болса, Үкімет басшысы Олжас Бектенов аталған технологияларды көлік индустриясының басқа да бағыттарында кеңейту керегін айтып, бірқатар тапсырма берген болатын.

Фото: facebook.com/amirkhan.omarov

 

«Атап айтқанда, цифрлық технологияларды енгізудің арқасында тек «Қорғас» ХШЫО-да тұрақ табысы айына 200 мың теңгеден 20 млн теңгеге дейін, Астана халықаралық әуежайы 30 млн теңгеден 150 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Біздің компания Қазақстан, АҚШ, БАӘ, Швейцария, Индонезия, Өзбекстан, Польша, Ұлыбритания, Тәжікстан және Әзербайжан нарықтарында белсенді. Жобаны Канада, АҚШ және Еуропадан $3 млн-ға венчурлік қорлар қаржыландырды. Төрт жыл ішінде компания АҚШ-тан бастап, Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі әлемнің 25 елінде 500-ден астам автотұрақты автоматтандырды», – деп атап өтті Әмірхан Омаров.

Кәсіпкердің айтуынша, компания қазақстандық бағдарламалық қамтамасыз етудің арқасында автотұрақтарды автоматтандыру шығындарын 5-10 есеге төмендеткен. Қазіргі уақытта компания әкімдіктермен және министрліктермен бірлесе жұмыс істеп, бұл технологияларды көлік саласына енгізу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

«Біз өз технологиямызды ақылы жолдарда қолдана аламыз, детекция деңгейін арттырып, осы саладағы шығындарды оңтайландырамыз. Біздің технологияларды Ұлттық парктерде көлік ағындарының ашықтығын арттыруда, шекаралық БӨП-ті автоматтандыруда пайдалануға болады. Біз муниципалды автотұрақтардағы кірісті 2-3 есе ұлғайтуды және қала тұрғындарына ыңғайлы орта мен қызмет көрсетуді арттырудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз,— деп атап өтті «Parqour» компаниясының негізін қалаушы Әмірхан Омаров.

Айта кетейік, бірқатар қалалық әуежайларда бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті тарифтерді негізсіз көтеру әрекеттерін анықтаған. Мысалы, Ақтау әуежайындағы автотұрақ құны 40%-ға төмендетілді, ал Алматы әуежайында автотұрақ бағасын көтеру жоспары бәсекелестікті қорғау комитетінің ескертуінен кейін тоқтатылды.

Бұл ретте Нартай Аралбайұлы өзінің депутаттық сауалында екінші талап қойды. Ақылы автотұрақтың ақысын төлеуді ұмытып кеткендерге алдымен смс хабарлама келуі керек. Алматы қаласы бұл талапты ескеріп, бір қадам жасады. Алматыда ақылы автотұраққа кірсеңіз, ол жерде сізді камераға түсірсе хабарлама келеді екен: “сіздің көлігіңіз ақылы автотұраққа кірді” деген. Ескертпе.

«Тұтас қаланы аталған жобамен қамтиды жуырда. Бұл біздің әкімшілік кодекске енгізген өзгерістерімізден кейін жасалған қадам. Енді біз “төлемді ұмытқандарға смс жіберілсін, содан кейін 24 сағат ішінде төлемегендерге ғана айыппұл салынуы мүмкін” деген талапты қойдық. “Орындаудың амалын іздейміз” деді әкімдіктер», — деді Нартай Аралбайұлы.

Айтпақшы, ақылы автотұрақтардың ақысын төлемегендерге салынатын айыппұлдың құны 3 есеге төмендеді. Заң наурызда күшіне енеді.

 

Енді автотұрақтар халыққа тегін бола ма?

 

Былтыр Елордада ақылы тұрақ ақысын төлемеген жүргізушілерге 2 млрд теңге айыппұл салынған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда анағұрлым көп. Өйткені ол жылы көлік иелері 1,3 млрд айыппұл төлеген.  Бұл жерде шешілмеген сұрақтар көп, оның бірқатарын парламент қабырғасында депуататтар көтеріп келеді.

Мысалы Астанада ақылы автотұрақта 5 минут қана тегін тұруға болады. Соны 30 минутқа дейін көбейту керек деген ұсыныс түскен. Әкімдік тегін тұру уақытын 15 минут қылуға келісті. Өзгеріс күшіне қашан енетіні әлі белгісіз.

Былтыр мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов автотұрақтар әлеуметтік маңызы бар жерлерге қойыла бастағанын да сынаған.

«Астанадағы көптеген әлеуметтік маңызы бар жерде ақылы автотұрақтардың енгізілуі, әсіресе, Ботаникалық бақ сияқты орындарда пайда болған, қала тұрғындарының наразылығын тудырып отыр»,- деген еді депутат.

Депутат бақтың маңындағы ақылы тұрақтар көк сызықтармен белгіленетінін, тұрақтың бір сағаттық құны 100 теңгені құрайтынын айтады. Егер жүргізуші ол жердегі белгіні немесе таңбаны байқамаса, оған 5000 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Ақылы автотұрақтардан түскен айыппұл сомасы 2024 жылдың 9 айында 1,7 млрд теңгені құраған екен.

Нартай Сәрсенғалиев те өзінің талабында халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында, қоғамдық орындарда ақылы автотұрақ болмау керек деді. Әкімдік уәжбен келісіпті, енді іске асыру тетіктерін дайындап әкелетін болады.

Бұдан бөлек елдің қалтасын қанағанды тоқтатыңдар деген де талап болды. Талаптың ең негізгі бөлігі орындалды.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақпен  бірге  «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Заңға 2025 жылдың 10 қаңтарында Мемлекет басшысы қол қойды.

Заңға енгізілген өзгерістер 2025 жылдың 13 наурызында күшіне енеді. Не өзгереді:

  • Ақылы автотұрақтың ақысын бірінші рет төлемей кеткен азаматқа салынатын айыппұл көлемі 3 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) — 1 АЕК төмендеді ( 11796 теңгенің орнына — 3932 теңге болады).
  • Егер ақылы автотұрақтың ақысын төлемеу фактісі бір жылдың ішінде қайталанса 5 АЕК — 2 АЕК төмендеді (19 660 теңгенің орнына – 7 864 теңге болады).
  • Бұл айыппұлдарды 1 аптаның ішінде төлегендерге 50% жеңілдік жасалады.

 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Нартай Аралбайұлы (@nartay_aralbayuli)

 

Ашынған халықтың шағымы

Бұған дейін Астана тұрғындарының шағымдарына әкімдік жауап берген. Еліміздің кең жерінде халықты қайыршы етіп бітті деп ашуланған еді Астана тұрғындары. Мұндай масқара басқа қандай елде бар? Көлікті қояр-қоймас жол полициясы жетіп келеді дейді Астана тұрғыны Гүлжан Джилмағамбетова.

«Бір айда маған 12 айыппұл келді. Ертең ауаны демалып жатырсыңдар деп, тағы да төлетесіңдер. Бұл не деген масқара?», — дейді ол.

«Мен күніне 8 сағат жұмыс істеймін. Күніне 800 теңге автотұраққа төлеуім керек. Менің жалақым тұраққа төлейтін қаражатты жаппайды», — дейді дәрігер Ұлбике Әжібаева.

Халық осыншама ақшаны не үшін төлейтінін түсінбейді. Себебі тұраққа қалдырылған көліктерге ешкім жауап бермейді де, ешкімнің бақылауында болмайды.

«Ақша төлеген соң қарауыл болуы керек шығар. Көліктерімізді сырып, жырып кетеді. Біреулер ұрып кетеді», — деді дәрігер Рысбек Сержанов.

Қордаланған сұрақтардың жауабына Астана әкімдігі өте қызық ұсыныс жасады.

«Азаматтарымыз қоғамдық көлікке ауысуы керек. Осы бағытта көптеген ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Себебі таңнан кешке дейін кабинетінен шықпайтын қызметкерлер үшін жеке көлік керек емес деп ойлаймыз. Ұсынысымыз таңнан кешке дейін қоғамдық көлікпен жүрсін», — дейді Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Күмісбеков.

Айта кетейік, айыппұлдан арылмайтын халық Қазақстанға «штрафстан» деген ат берген. Қазақстан Республикасының 6-бабына сүйенсек, жер иесі халық. Ал мемлекет тек сол жер меншігін жүзеге асырушы. Бірақ, үкімет халықпен ақылдаспай, 2018 жылдан бастап барлық қоғамдық орындарға ақылы автотұрақ құрып, оларды жекеменшік компанияларға беріп тастаған. Енді жоғарыда аталып өткен өзгерістер арқасында халықтың құқылы жері ақысыз болып, тегін автотұрақтарға қол жеткізетін күн туады деп сенеміз.