Официальды Ақ үй сайтында АҚШ президенті Дональд Трамптың атынан Наурыз мерекесімен құттықтау жарияланды, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.
«Наурыз мерекесін АҚШ-та және әлемнің түкпір-түкпірінде атап өтетіндердің барлығына ең жылы тілектерімді жолдаймын. Наурыз – парсы халқы үшін көктемнің басталуын және парсы Жаңа жылын білдіретін қуанышты оқиға. Бұл ежелгі дәстүр – өткен жылдың игіліктері жайлы ой елегінен өткізіп, көктемді жаңа үмітпен қарсы алатын уақыт.
Америка Құрама Штаттары атынан осы тамаша мерекеге орай ең ізгі тілектерімді білдіремін», – делінген АҚШ президентінің құттықтауында.
Наурыз мерекесі
Биыл Қазақстанда Наурыз 21-23 наурыз аралығында атап өтіледі. Алайда 22 және 23 наурыз демалыс күндеріне сәйкес келгендіктен, олар 24 және 25 наурызға ауыстырылады. Осылайша, қазақстандықтар 21-25 наурыз аралығында бес күн қатарынан демалады.
Астана, Алматы және басқа да қалаларда мерекелік шаралар өтеді.
БҰҰ мәліметінше, «Наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мереке үш мың жылдан астам тарихы бар, зороастризм дәуірінен бастау алады. Ол көктемнің келуін білдіріп, әдетте 20 немесе 21 наурызда, күн мен түн теңелген кезде атап өтіледі. Наурыз Иран, Орталық Азия, Кавказ, Балқан және басқа да аймақтардың әртүрлі мәдениеттерін біріктіретін, әдет-ғұрыптар мен ортақ құндылықтар тоғысқан ерекше мереке.
ПІКІР ЖАЗУ