«Денесінің сау-тамтығы жоқ». Сарыағаштағы бес жасар қыздың өлімі

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бұрын сотталған адамның үйінен өлі табылған бес жасар қыздың денесінде зорлық-зомбылық іздері қалғаны туралы суық хабар ауылды дүр сілкіндірді.

Бұл туралы «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы «Азаттық» сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ашу-ызаға булыққан тұрғындар күдіктіні өздеріне беруді талап етіп жиналды. Ауылға полиция кіргізіліп, интернет ажыратылды.

«БАЛАПАНЫМ, СЕНІ ҚОРҒАЙ АЛМАДЫМ!»

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында кісі қолынан мерт болған бес жасар сәбиді туыстары мен ауылдастары 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 14-те жерледі.

Қызды мәйітханадан таңертеңгі сағат 11:00 шамасында үйіне алып келді. Ішке бөтен адамды кіргізбеді. Ет жақын туыстарына ғана көрсетті. Жақындары денесі тұтас оралып тасталған қыздың жүзі ғана ашық екенін, бір беті қанталағаны байқалатынын айтты.

Кешеден бері қайғыдан қан жұтып, есі кіресілі-шығасылы жүрген анасы қайта-қайта талықси берді. Таңнан бері осында отырған жедел жәрдем қызметкерлері оған тағы көмектесті. 14 шілде, 2023 жыл.
Кешеден бері қайғыдан қан жұтып, есі кіресілі-шығасылы жүрген анасы қайта-қайта талықси берді. Таңнан бері осында отырған жедел жәрдем қызметкерлері оған тағы көмектесті. 14 шілде, 2023 жыл.

Қызының денесін көргеннен кейін кешеден бері қайғыдан қан жұтып есі кіресілі-шығасылы жүрген анасы қайта-қайта талықси берді. Қаралы үйге жиналған әйелдер сол жерде жүрген полиция мен әкімдік қызметкерлерінен күдіктіні беруді талап етті. Олар жоғалған баланы іздеу кезіндегі полицияның әрекетсіздігін айтып, кінәлады.

Кісі қолынан қаза болған баланың жаназасы сағат 14:00 шамасында үйге жақын жердегі мешіттен шығарылды. Мәйітті үйден шығаратын кезде отбасының кейбір туыстары орауын шешіп, денесін видеоға түсіріп алу керек деп айтты. Бірақ азаматтық киім киген әлдебір адамдар қыздың әкесін мәйітті мазаламауға шақырып, оны көндірді.

Кісі қолынан қаза болған баланы үйден ақтық сапарға алып шыққан сәтте "Балапаным, сені қорғай алмадым!" деп зар еңіреп жүгірген анасының дауысы естіген адамның сай-сүйегін сырқыратты. 14 шілде, 2023 жыл.
Кісі қолынан қаза болған баланы үйден ақтық сапарға алып шыққан сәтте «Балапаным, сені қорғай алмадым!» деп зар еңіреп жүгірген анасының дауысы естіген адамның сай-сүйегін сырқыратты. 14 шілде, 2023 жыл.

Сүйекті үйден ақтық сапарға алып шыққан сәтте артынан «Балапаным, сені қорғай алмадым!» деп зар еңіреп жүгірген анасы талықсып кетті. Таңнан бері осында отырған жедел жәрдем қызметкерлері оған тағы көмектесті.

Сәбиін жоқтаған қаралы ананың дауысы естіген адамның сай-сүйегін сырқыратты, жиналған әйелдердің бәрі қосыла жылады. Ер азаматтардың арасында да көзіне жас алғандар аз болған жоқ.

«АСҚАН ҚАТЫГЕЗДІКПЕН ӨЛТІРГЕН»

Жібек жолы ауылында 13 шілдеде түс әлпетінде үйінен сыртқа шығып кетіп, ізім-ғайым жоғалған бес жасар қызды әуелі үй-іші, кейін жұрт болып бірнеше сағат іздеген.

– Сағат 13:04 кезінде үйден шықты. Шамамен 5-6 минуттан соң таба алмай қалдым. Төңіректі түгел шолып, бүкіл ауылды араладық. Ауыл адамдарды жабылып іздеуге кірістік, – деді баланың анасы Азаттыққа.

Кісі қолынан қаза тапқан сәбиін жоқтап, қайғыдан әбден әлсіреп қалған әйелге (ортада) медициналық жедел жәрдем қызметкерлері көмек көрсетіп жатыр. 14 шілде, 2023 жыл.
Кісі қолынан қаза тапқан сәбиін жоқтап, қайғыдан әбден әлсіреп қалған әйелге (ортада) медициналық жедел жәрдем қызметкерлері көмек көрсетіп жатыр. 14 шілде, 2023 жыл.

Сәбидің әкесі екі үйден кейін тұратын, бұрын сотталған көршісінен күдіктеніп, бейсенбі күні оның үйіне екі рет барғанымен, қызын таба алмаған. Бір топ адам көршісінің үйіне үшінші рет барғанда қыздың көйлегін көріп қалып, үйді толық тінтіген.

– Қызымның денесін кешкі сағат тоғыз шамасында шатырдан таптық. Сау-тамтығы қалмаған. Ойына келгенін істеп, жеті-сегіз жерінен пышақтап, асқан жауыздықпен өлтірген, – деді баланың әкесі.

Жібек жолы ауылында кісі қолынан өлген сәбидің әкесі полиция күдікті ретінде ұстаған көршісімен араздығы жоғын, аралас-құраластығы болмағанын айтты. 14 шілде, 2023 жыл.
Жібек жолы ауылында кісі қолынан өлген сәбидің әкесі полиция күдікті ретінде ұстаған көршісімен араздығы жоғын, аралас-құраластығы болмағанын айтты. 14 шілде, 2023 жыл.

– Бұрын сотталғанын, кейін тағы бір ауыр қылмыстық істен құтылып кеткенін білетінбіз… Құқық қорғау органдары қылмыскерді лайықты жазаласа осындай сұмдық болар ма еді? Оны бостандыққа шығарып жіберген қызметкерлерді тауып, жазалауды талап етемін! – деді қайғыдан қан жұтып отырған әке.

Жоғалған қызды бірінші болып өзгелермен бірге оны іздеуге шыққан ауыл тұрғыны Ержан Ахметов тапқан.

Ержан Ахметовтің Азаттыққа айтуынша, шатырға шығып, сонда жатқан шиферді басып қалғанда, астында әлдебір зат барын байқаған. Ашып қалғанда қыздың жансыз жатқанын көрген

«Одан ары не болғанын білмеймін» деді ол.

Өлген сәбидің ата-анасы қазір күдікке ілініп отырған көршісімен араздығы болмағанын, аралас-құраластығы да жоғын айтты.

Ауыл адамдары қызды тапқан кезде полиция да келіп, баланың сүйегін Сарыағаш ауданымен іргелес Келес ауданының мәйітханасына әкеткен.

АШУЛЫ ЖҰРТ КҮДІКТІНІ БЕРУДІ ТАЛАП ЕТТІ

13 шілде кешке полиция кішкентай баланың қазасына күдікті адамды қамауға алған.

Суық хабарды естіп жиналған, ашу-ызаға булыққан жұрт күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, наразылық білдірген.

ПОЛИЦИЯ: АДАМ ӨЛТІРУ БАБЫ БОЙЫНША ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Жібек жолы ауылында бес жасар сәби кісі қолынан мерт болған және ауыл тұрғындары күдіктіні беруді талап етіп жиналған деген суыт хабар әлеуметтік желіде түнде тарап, жұма күні таңертең ресми органдар әлгіндей оқиға болғанын растады.

Жібек жолы ауылында жүрген адамдар мен көшеде тұрған полицияның арнайы көлігі. 14 шілде, 2023 жыл.
Жібек жолы ауылында жүрген адамдар мен көшеде тұрған полицияның арнайы көлігі. 14 шілде, 2023 жыл.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарығаштағы бес жасар қыздың өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған.