Қоғамның назары ҚҚС-тың көтерілуіне ауысып кеткен уақытта, «Болашақ» бағдарламасына енгізілген бірнеше оғаш өзгерістер елдің назарынан тыс қалды. Бұл туралы экономист Меруерт Махмұтова өзінің Facebook парақшасында жазды. Оның айутынша, аталмыш бағдарламадан мемлекеттік қызметкерлер санатын мүлде алып тастау керек, себебі ол бюджетке салмақ салады.
Не өзгерді? Бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер бір жылдық тілдік курстан өту үшін шетелге бара алады.
«Бұл бір жылдық бағдарлама, оның шығындары магистратураның бір жылдық оқу ақысымен тең. Ай сайынғы стипендиясы 2000 доллардан асады. Сонымен қатар жол шығындары мен ұшақ билеттері сынды жеңілдіктерге қыруар қаржы жұмсалады. Қарапайым халыққа «белді бууға» кеңес берілсе де, жоғары лауазым иелерінің шығыны еселеп өсіп жатыр», — деді Махмұтова.
Экономист бұл ретте қазіргі бағдарлама басшысына бірқатар ұсыныс жасады.
Махмұтова бюджет қаражатын оңды-соңды шашуды доғарып, тілдік курсты Қазақстанда да өтуге болатынын алға тартты. Айуынша, шетел университеттерінің елімізде филиалдары бар, тіпті болмаса өзіміздің озық оқу орындарында тіл үйренуге барлық жағдай жасалған.
Дәл осы себептен «Болашақ» бағдарламасынан мемлекеттік қызметкер деген санатты мүлде алып тастау керек дейді маман.
Бұдан бөлек мемлекеттік қызметшілерді (квотаны көбейту) мемлекеттік басқару және саясат бойынша магистратура бағдарламаларына Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына және Назарбаев Университетіне жіберуге болатынын ұсынды. Бұл оқу орындары мемлекеттік басқару саласында халықаралық аккредитациядан өткен және шетелдік серіктестері бар екенін ескертті.
«Мемлекеттік қызметшілерді шетелдік университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өту бағдарламасынан алып тастау керек. Мемлекеттік қызметшілерді «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратура стипендиясына үміткерлер қатарынан шығару, осылайша барлық үміткерлерге, олардың кәсіби қызметіне және лауазымына қарамастан, тең мүмкіндік беру керек», — дейді экономист.
Махмұтованың пікірінше, үнемделген бюджет қаражатын аймақтық университеттердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағыттау ақылға қонымды болар еді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру