Бүгін қазақ мәдениетінің қара нары Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні

Фото: ашық дереккөз
Әр заманда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртатын, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізе білетін алып тұлғалар болады. Кеңес заманында ондай адамдар аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі – көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібеков

Ол атақ-абыройды қуған жоқ. Кеңестік идеологияға қарамастан, Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Тайқазанды қайтарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Музей ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Бүгін — Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні. Осы орайда Ozgeris.info тілшісі белгілі этнограф туралы кеңінен тарқатпақ. 

Қиындыққа мойымады

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген.

 

Оның балалық шағы қиындыққа толы болды. Әкесінен ерте айырылды. Соған қарамастан, барлық қиындыққа төтеп беріп, соғыстан кейінгі ауыр жағдайға мойыған жоқ. Жастайынан қара жұмысқа араласты. Отын шапты, шөп жинады, су тасыды, мал бақты. Аурушаң анасына барынша көмектесуге тырысты.8 жасында анасынан айырылды. Жетімдіктің қамытын ерте киіп, тағдырдан әбден теперіш көрді. Соған қарамастан, білімін шыңдап, Абай атындағы Қазақ педагогика институтына түседі. Бірақ жоқшылықтың салдары сезілді. Ауылынан Алматыға шыққанда жолына ақша таппай қиналды. Ал қалаға барғаннан кейін күндіз сабақ оқып, кешке қара жұмыс істеді. Вагондардан жүк түсірген кездері аз емес.

Қазақтың қара нары

Институтты үздік бітірген Өзбекәлі Жәнібеков алдымен оңтүстікке оралып, мектепке орналасты. Көп ұзамай, тарихтан сабақ бере бастайды. Білімді әрі білікті ұстаз бірден көзге түседі. Оқу ісінің меңгерушісі болды. Қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүрді. Сөйтіп, аудандық комсомол ұйымының жетекшісі қызметіне дейін көтеріледі.

Тайқазанды қайтарды: мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков туралы не білеміз - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.10.2021

Өзбекәлі Келес ауданында қызметте жүргенде болашақ жары Халиханмен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Екі ұлы және бір қызы дүниеге келеді. Өзбекәлі балаларын қазақылыққа барынша баулып өсірген. Халыққа да жақын болды. Ел арсында оны «Өзаға» деп атайтын.

«Ол — өзінің турашылдығымен, қазақ халқын жан-тәнімен сүйетін ұлы қасиетімен ел арасында аты аңыз болып тараған адам. Қазақстан комсомолын басқарып жүріп, қазақтың салты, әдет-ғұрпы, дәстүрі деген мәселелерді ешкімнен қорықпай, үнемі дәріптеумен болған адам. Өзбекәлі қазақ мәдениетінің, қазақ руханиятының қайыспайтын қара нары еді», — дейді мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Идеологияның тар шеңберіне сыймады

Өзбекәлі кеңес билігімен жиі сөзге келіп қала берді. Қисынсыз шешімдерді бұзудан қорықпады. Қызметтен айырылып қаламын деп сасқан жоқ. Бірде үкіметке қазақ жастарын мал шаруашылығына жаппай жіберу, ал қыздардан трактор бригадаларын құру ұсынысы енгізілді. Өзекең оған қарсы екенін ашық айтты. Жастарды өнер-білімге баулуға жағдай жасады. Осы жолда өзінен жоғары тұрған басшылардан қарсы шығудан именбеді.

 

Ұлтжанды Өзбекәлі Жәнібеков кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймады. Биліктің ұстанымына қарамастан, қазақтың тарихын терең зерттеді, салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға күш салды. Содан оны астанадан шалғай жерге жіберді. Өзекең жаңадан құрылған Торғай облысына барды. Облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарып жүріп, Торғай өңірін танымастай өзгертеді.

«Әлі есімізде, 70-жылдары Өзекең Торғай облысы жаңадан құрылып, сол өңірге жастар жаппай бет алып, болашаққа деген сенім, жасампаздық сезім күшейіп тұрған шақ болатын. Өзбекәлі Жәнібековтің есімі жиі естіліп, оның бастамасы республикаға тарап жатқан кез еді. Торғай облысында қызмет атқарған тұста Арқалықтағы мәдениет үйінің қабырғаларын өз қолымен әктеп, бояп-сырлағанын естігенде бұл кісінің ұлық болсаң – кішік бол деген қарапайым болмысымен нағыз тұлға екенін танып, сүйсіне түсетінбіз», — дейді академик Серік Сейдуманов.

Бес жылдан кейін Орталық комитеттің шет елдермен байланыс бөлімін басқарады. Оны ұлттың мүддесі үшін пайдаланады. Ал араға бір жыл салып, мәдениет министрінің орынбасары болып тағайындалады.

Тайқазан тарихи отанына оралды

Өзбекәлі Жәнібеков мәдениет министрлігіне келген бойда қазақтың сәулет ескерткіштеріне көп мән бере бастады. Оның тұсында 400-ге жуық археологиялық нысанды қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Соның ішінде Қожа Ахмет Иасауи кесенесі де бар. Басшымын деп кекірейген жоқ. Балағын түріп, жұмысшылармен бірге құм тасыды.

Әсіресе, әулие кесенесі негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына қосқан үлесі зор. Кеңес өкіметінің саясатына қарамай, кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды. Атеистік қоғамда Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне бетбұрыс жасады.

 

Өзбекәлі Жәнібеков құлпытастардағы араб тіліндегі жазуларды да қазақ тіліне аударуға атсалысты. Ол кезде кесененің сән-салтанаты болған атақты Тайқазанның орны бос тұрған. Оны 1935 жылы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербор) қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға апарған. Бірақ кері қайтарған жоқ.Араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Тайқазан тарихи отанына қайта оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәнібековтің жанқиярлық еңбегі.

Ал Арыстан баб кесенесінің жұма мешітін қалпына келтіруге кіріскенде Мәскеу рұқсат бермеді. Содан Өзбекәлі Жәнібеков айлаға көшіп, Отырардың суландыру жүйесінің экспозициясын жасаймыз деп, кезінде құлатылған мешітті қалпына келтірді.

Оның бастамасымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатымен «Арқас» қоғамы құрылды.

Қасабаны тапты

Өзбекәлі қазақ халқының көне музыкалық аспаптарын да зерттеді. «Шертер», «Адырна», «Алтынай» және тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. Ансамбль мүшелерінің әрбір киіміне мән берді.

«Өзекең біздің дәуірімізге бірде-бір қасаба жетпеді ме деп, оны эрмитажға дейін іздеп барды. Татарлардың арасында бар екенін біледі. Сөйтіп жүріп, орталық архивтен ертеде тапсырылған бір қасабаны тауып, соны ары қарай ұлт мәдениеті ретінде көрсетті», — деп еске алады профессор Құлбек Ергөбек.

Өзбекәлі Жәнібеков шошаланың эскизін айна-қатесіз жасап, кезінде Сырдариядан жүрген ағаш қайықтың үлгісін де қалпына келтірді. Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Наурыз мейрамының жаңғыруына зор үлес қосты. Айтысты жаңғыртты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

Танымал тұлғаның еңбектері де аз емес.

  • «Қазақтың ұлттық қол өнері» (1982);
  • Жаңғырық» (1991);
  • «Уақыт керуені» (1992);
  • «Жолайрықта» (1996);
  • «Қазақ киімі» (1996);
  • «Ежелгі Отырар» (1997);
  • «Тағдыр тағылымы» (1996, 1-кітап, 1997, 2-кітап).

Өзаға қызметте өте талапшыл болды. Руға бөлінгенді жек көрді. Халық арасында беделі жоғары болды. Төрт айдай мәдениет министрі қызметін атқарды. Бірақ осы уақыттың ішінде біраз шаруа тындырды.

Қазақтың Өзағасы 67 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Оның жерленген жерінде кесене тұрғызылды. Биыл Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 93 жыл толып отыр.