Сәуір айында теңге бағамы әлсірей түсті. Бұл өзгеріс әлем нарығындағы құлдырау және саяси тұрақсыздықтан туындап отыр.
Белгілі экономист Алмас Чукин доллар мен теңге бағамының болашағына пікір білдірді. Сондай-ақ қарапайым халыққа қаржылық кеңес берді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Ең дұрыс шешім – әртараптандыру
Қаржы саласында сенімді болудың жалғыз жолы – тәуекелдерді басқару.
«Барлық уақытта ең тиімді тәсіл – қаражатты әртүрлі валютада сақтау. Біз теңгемен өмір сүріп, күнделікті қажеттілігімізді өтейміз, сондықтан қаражаттың жартысы теңгеде болуы тиіс. Ал болашаққа бағытталған ұзақ мерзімді жинақ пен инвестицияны долларға орналастырған дұрыс. Яғни, 50/50 қағидасы ең оңтайлы шешім. Сонда валюта бағамындағы өзгерістерді сабырмен қабылдай аласыз»,- дейді экономист.
Маманның айтуынша, түрлі валютаны жинау тиімсіз.
«Франк, еуро немесе басқа да валютаға сеніп, барлығын жинай беру болжауға келмейтін, артық тәуекел», — дейді сарапшы.
Доллар күшейе береді
Қаржы маманының пікірінше, алдағы уақытта доллар қымбаттай береді.
«Көпшілік доллар әлсірейді деп ойлайды. Алайда АҚШ экономикасы әлсіресе де, әлемде доллар көбейеді деген сөз емес. Керісінше, доллар айналымы азаяды. Яғни, ұсыныс азайып, оның құны өседі. Бұл қарапайым нарықтық заңдылық. Мен долларды мінсіз валюта деп отырған жоқпын, бірақ қазіргі жағдайда ол сенімді құрал», — дейді Чукин.
Бізде тек бір күнге жететін қаражат бар
Маман валюта нарығындағы өзгерістер бірден болмайтынын, бұл уақыт факторы екенін ескертеді.
«Халық әдетте күтуді білмейді. Бұл ұзақ ойын. Қазіргі жағдайда теңге бағамының құбылуы елге бірден соққы болып тимейді. Бізде резерв бар доллар түріндегі “қара күнге” арналған жинақ. Бірақ ол бір күнге ғана жетеді. Бір жылдық немесе ұзақ мерзімді дағдарысты көтере алмаймыз. Сондықтан уақытты тиімді пайдалану қажет», — дейді ол.
Ұзақ дағдарыс – басты қауіп
Чукиннің айтуынша, ең үлкен қауіп – ұзаққа созылған дағдарыс.
«Қысқа мерзімде – иә, қиын, бірақ шыдауға болады. Ал егер 2-3 жылдық дағдарысқа тап болсақ, бұл мүлде басқа әңгіме. Ондай жағдайда қоғам, мемлекет, отбасы бәрі де жаңа өмірге бейімделуі тиіс», — деді ол.
Экономист түсінікті тілмен мысал келтіріп, ойын түйіндеді.
«Үйге отағасы келіп: “Мен енді директор емеспін, бас инженер болып қалдым. Жалақым екі есе қысқарды” дейді. Олар бұрынғыдай жақсы өмір сүру үшін жинақтағы ақшаны жұмсауға тура келеді. Ал егер олай болмаса, жаңа шындыққа бейімделуге мәжбүр боламыз», — деді Алмас Чукин.
Мамандар халықты жауапты қаржылық шешімдер қабылдауға шақырады. Қазіргі белгісіздік кезеңінде сабырмен әрекет етіп, жеке қаражатты ұқыпты басқара білу керек.
Алдағы аптада не күтеміз?
- Доллардың сыртқы нарықтардағы әлсіздігі;
- Мұнай бағасының тұрақсыздығы;
- Ресей рублінің нығаюы;
- Ел ішіндегі инфляциялық күтулер мен Қазақстан бюджетінің жағдайы
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру