Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады.
Банктер мемлекеттің алдындағы қарыздарынан құтыла бастады. Агенттіктің дерегі бойынша, екінші деңгейлі банктер 400 миллиард теңге көлемінде мемлекеттің қолдау қаражатын мерзімінен бұрын қайтарған.
Сонымен қатар, 2024 жылдың басынан бері банктердің активтері 19,7 пайызға, яғни 61,6 триллион теңгеге дейін өскен. Экономиканы кредиттеу 20,9 пайызға немесе 33,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Банктердің жұмыс істемейтін активтері – 3,1 пайыздан төмен деңгейде.
Бизнеске берілген кредиттер 16,3 пайызға немесе 13,1 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Бұл ретте бизнеске 18,2 триллион теңге сомасына жаңа займдар берілген.
2024 жылғы маусымда кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бағытында заң қабылданды. Сонымен қатар 614 мың азаматтың 210 миллиард теңге сомасындағы проблемалық берешегі қайта құрылымдалды, ішінара немесе толық кешірілген.
Бұған дейін Тоқаев бірқатар банктен мемлекеттен алған қаржылай көмекті тездетіп қайтаруды талап еткен.
Айтуынша, 2017-2020 жылдары бірқатар екінші деңгейлі банк және қаржы ұйымдарына Ұлттық қордан 15 жылға қомақты сома берілген.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру