Алматы облысы Кеген ауданында құдықтан үш адамның мәйіті шығарылды. Жергілікті тұрғындар мен марқұмның туыстары оқиғаға қатысты тың дерек айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Кеген ауданында екі шаңырақ аза тұтып жатыр. Көңіл айтуға дүйім ауылдың тұрғындары келген. Марқұмдардың жақындары көз жасын тия алмай, бауырларын жоқтап отыр.
«Бірінші інімді алып шықты. Қарасақ, денесі суып кеткен. Бірінші көмектен кейін құсып жіберіп, көзін ашты … болды. «Жүріп кеткен» деді. Одан кейін Серік деген ағаны шығарды. Үшіншісін де, түбіне жете алмай, су болып тұр іші. Өрт сөндірушілер суды сорғызып, баланы шығарып алды. Ол кезде бала көгеріп кеткен», — дейді марқұмның туысы Дина Айтбаева.
Телеарна мәліметінше, үш адамның өмірі қиылған қайғылы оқиға күні кеше болған. Үйінде су тоқтап қалған соң әкесі мен баласы кешқұрым құбырды тексеруге барады. Жанында көршісі де болыпты. Бастапқыда бір қарап шығуға 15 жастағы жасөспірім түскен екен. Бірақ көп ұзамай сонда талып қалады. Әкесі құтқаруға ұмтылғанымен, кері шыға алмай, ес-түссіз құлаған. Артынан 56 жастағы көршісі түсіп, ол да төменде тіл тартпай кеткен.
Туыстарының сөзінше, құдықтың беті көлік жүретін жолдан бір қарыс төмен орналасқан. Топырақпен көміліп жатқанына бір айдан асыпты. Бітеу тұрып, ауа айналымы жүрмегендіктен, ішінде улы газ пайда болуы мүмкін, дейді олар.
ПІКІР ЖАЗУ