Азия чемпионаты: Үш қазақ боксшысы финалға жолдама алды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Таиландта өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында 57 келіде ел намысын қорғап жатқан Оразбек Асылқұлов, Санжар Тәшкенбай және Махмұд Сабырхан финалға жолдама алды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Әлем және Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта жапониялық Кадзума Аратакемен қолғап түйістірді.

Бұл олардың бірінші кездесуі емес, 2022 жылы Иордания астанасы Амман қаласында өткен Азия біріншілігінде финалда Санжар К.Аратакені төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіп, чемпион атанған еді.

Бұл жолы бірінші раундта-ақ Санжар қарсыласын нокдаунға жіберді. Екінші кезеңде де есеп өзгерген жоқ – 5:0. Қорытынды есеп – 5:0.

Осылайша, Санжар Тәшкенбай ерлер арасында қазақ боксшыларынан алғашқы болып финалға жолдама алды.

Сонымен қатар, Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңның иесі Саравут Суктхетпен бетпе-бет келді.

Бірінші раундта М.Сабырханның соққыларынан кейін таилық боксшының қасы жарылып кетті. Шаршы алаң иесінің жұдырығы да тиіп жатты. Соны ескерді ме, қапталдағы бес төрешінің үшеуі Махмұд басым деп тапты.

Екінші кезеңнің соңына қарай рингтегі рефери С.Суктхетке нокдаун тіркеді. Есеп 5:0 болып, Махмұд айқын басымдық танытты.

Қорытынды есеп – 5:0. Енді қазақстандық боксшы алтын үшін шаршы алаңға шығады.

Ал, отандасымыз Оразбек Асылқұлов 57 келіге дейін салмақта жұдырықтасуда. Бүгін ол жартылай финалда моңғол Гантумур Лундааны жеңді.

Финалда өзбек және филиппин боксшыларының жеңгенімен кездеседі.