Қазақстанда бәсекелестік құқық бойынша мамандар даярланады

Елімізде алғаш рет M.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің базасында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, ұсынылған оқу құралының негізінде «Бәсекелестік құқығы» оқу бағдарламасы бойынша магистранттар оқытылады, деп хабарлайды ozgeris.info.

2022 жылғы 11 наурызда M.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінде «Бәсекелестік құқығы» магистрлік білім беру бағдарламасының ресми ашылуынан кейін, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің жалпы редакциясымен «Қазақстан Республикасының бәсекелестік құқығы және саясаты» оқу құралының тұсаукесері өтті.

Іс-шара аясында Серік Жұманғарин бәсекелестік құқық пен саясаттың өзекті мәселелері бойынша қонақ дәрісін оқып, бағдарлама жоғары оқу орнынан бастап экономиканың түрлі секторлары үшін бәсекелестік құқық бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік беретінін атап кетті. Одан әрі төраға «Қазақстан Республикасының бәсекелестік құқығы және саясаты» оқу құралын таныстырды. Ол Мемлекет басшысы жазған оқу құралының алғы сөзі зерделенетін мәселелердің жоғары маңыздылығын айғақтайтынын атап өтті.

Тұсаукесер аяқталғаннан кейін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қызметкерлерінен, Еуразиялық экономикалық комиссия сарапшыларынан және шетел ғалымдарынан тұратын авторлық ұжым мүшелері білім беру бағдарламасының магистранттарға оқу құралын табыстады.