Белгілі тіл маманы, Алаш зиялысы А. Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» деп атап өткеніндей, өткен ғасыр үшін баспасөз ісі халық сауатын ашу мен саяси оқиғалардан хабар алу үшін аса маңызды болғаны рас. Осы орайда қазақ зиялылары тікелей атсалыса отырып, қаржы тапшылығына қарамастан ұжымдасқан түрде «Қазақ» газетін өмірге алып келуі аса рухты іс еді. Міне сол халықтың мұңы мен мұқтажын, зиялылардың шығармаларын халыққа жеткізуде ерекше рөл атқарған «Қазақ» газетінің шыққанына 100 жыл толып отыр. Осыдан тура 100 жыл алдын қара шаңырағымыз өзгеге тәуелді болып, хандық билігімізден айырылып, аспанымызды қара бұлт шарлағанда «Қазақ» газеті жаңа шыққан күндей аз да болса ұлттық рухты оятуға себепкер болды. Ұлт зиялыларының айтқан сөздері халық жүрегіне «Қазақ» арқылы жетіп отырды.
Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылдың 9-шы желтоқсанында беріледі. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көреді. Газет жұмысын Тұңғыш редакторы әрі ұйымдастырушысы, белгілі ғалым, публицист, жазушы Ахмет Байтұрсынов (екінші редактор М.Дулатов) болды.«Қазақ» газетінің таралымы жөнінде ғалым Қ.Сақ: «Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегі аралығында аптасына бір мәрте, ал 1915 жылы жұмасына екі рет жарық көріп, барлығы 265 нөмері басылып шыққан. Ұлттық мерзімді баспасөзіміздің қалыптасу дәуірінде мұндай ұзақ уақыт үзбей жарық көріп тұрған бейресми басылым жоқ. Оның үстіне, шығып тұрған уақытында қазақ даласында болған тарихи оқиғалардың шынайы шежіресіне айналып, ұлттық азат ойдың ұясы қызметін қоса атқаруы газет құндылығын еселеп арттыра түседі» деп атап өтеді. «Қазақ» газетін шығаруға құзырлы патшалық билік тарапынан рұқсат берілгенде, баспасөзде жазылатын арнайы бағдарлама бекітіліп, бұл негізгі он екі бағытты қамтып отырған. Олар: Үкіметтің бұйрық жарлықтары; Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік Кеңес жұмысы; ішкі және сыртқы хабарлар; қазақтың тарихы мен тұрмыс жайы; этика, тарих, этнография және мәдениет мәселелері; экономика, сауда, кәсіп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы; халық ағарту, мектеп, медресе, тіл және әдебиет мәселелері; тазалық, денсаулық және мал дәрігерлігі; фельетондар; корреспонденциялар мен жеделхаттар; жергілікті хроника; суреттер; пошталар (хаттар); құлақтандырулар. Газетті шығарушылар аталған тақырыптардан басқа да қазақ мүддесіне сай келетін тақырыптар шығарудан бас таптпады.
ХХ ғасыр басында жарық көрген «Қазақ» газетінің негізігі мақсаттары айқын еді. Бұл турасында қазақ тілінің жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы газеттің тұңғыш санындамерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі қызметін атап өтеді:
«Әуелі, газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі-дейді. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатыны жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет — халыққа білім таратушы. Төртінші, газет — халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» — деп газеттің халыққа пайдасы жөнінде атап өтеді.
Осы бағытта қазақ зиялыларының қандай жұмыстары атқару керектігін де айқындайды. Алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің «Қазақ» газетінің материалдары біріншіден, ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық процестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер, екіншіден бостандық үшін күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет еткен, — деп пайымдайды.
Алаш азаматтарын толғандырған жайттың бірі тіл мәселесі болды. Қазақтың тарихын зерделейтін адамдардың жоқтғыы ескеріле отырып, қазақ елінің аңыз-әфсаналар мен қазақтың біртума дара тұлғалары туралы мәліметке қанық жандар болса, «Қазақ» газетіне жазуды да сұраған. Сонымен қатар, «Қазақ» газетінің алғашқы бетінде халықтың сауатын ашуға бағытталған материалдар да шығып тұрған. Егер қазақ балалары білім алар болса шет ел азаматтарымен тереземіз тең болары туралы және төңірегінде кей ауылдарда медресенің жоқтығы да айтылып, ондағы оқыған бай азаматтарға бір медресе салып берсе деген үндеу іспеттес мақалалар санаты да жарияланып отырған. Ал сауат ашып ұмтылған жастарға кітап жеткіліксіздігі де газет назарында болған. Мәселен, қазақ кітаптарының аздығы, кейбір орыс және төте жазуын оқыған қазақтардың жайы да көтерілген және олардың өз ана тілінде сөйлеуді ұят санамау керектігі мысал етілген. Мысалы, газеттің 1913 жылы 2 ақпандағы №1 санында: «Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ықтисадта қазақ тілі азып-тозып, бірте- бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көріне, онан әрі не болары белгілі» деп қазақ тілінің болашағы туралы мәселе көтереді.
Кез келген қазақ зиялысы газет арқылы сол тұстағы қазақ еліндегі негізгі мәселелерді тілге тиек етті. Соған орай газет бетінде «Қазақтың тарихы» деген айдармен ұлт тарихына қатысты мәселелер қозғалып отырды. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов «Түрік баласы» деген бүркеніш атпен «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған мақаласында: «…Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы»- деп қазақ халқына ұлттық құндылығын сақтауды, тарихын білуді насихаттайды.
Көріп отырғанымыздай, қазақ елінің болашағы мен болмысына, тіліне, ұмытылып бара жатқан дәстүрлі мәдениетіне нағыз жанашырлық танытқан қазақ зиялылары қаржы тапшылығына қарамастан «Қазақ» газетін жарыққа шығарып, осы аталған мәселелер төңерегінде жұмыс жасады. Олай болса осы 100 жыл толып отыр. Зиялылар армандаған тәуелсіздік пен жарқын болашақ жаршысы болған бұл басылым еліміздің өткен тарихынан мәліметтер беріп қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы өте зор. Олай дейтініміз ауыр кезеңдерге қарамастан қазақ болашағы үшін күрескен ұлт тұлғаларының ерекше қажырлылығы мен қайраты жастарға үлгі болары сөзсіз. Сол себепті «Қазақ» газеті ел тарихында аса маңызды орын ала берері сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Әбсадықов А. Исина Н. Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұралары.
Литературное наследие А.Байтурсынова. -Қостанай, 2003.-280 б
- Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы., 1991. 178 б.
- «Қазақ». Энциклопедия. Қазақ энциклопедиясы. Бас редакциясы.
-Алматы, 1998. 543 б7
- Кенжалин Д. Ұлт жаршысы. // «Егемен Қазақстан» газеті 2013 ж.2-3 бб
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Профессор м.а Абикенова Г.Е
Тарих факультетінің 1- курс магистранты Әбдуохап О.Ү
ПІКІР ЖАЗУ