Бүгін Астана аспанында әскери ұшақтар көкке көтерілді, алаңда сарбаздар сап түзеп, Т-34 танкісіндегі Жеңіс туы желбіреді. Әлеуметтік желілерде халықтың көбі тамсанып, патриоттық рухпен парадты тамашалады. Бірақ бір сұрақ жауапсыз қалды: осы салтанатты көрініс 2,5 миллиард теңгеге лайық па?, деп жазады Ozgeris.info.
Қорғаныс министрлігі Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай әскери парад өткізу үшін 2,5 миллиард теңге бөлді. Бұл ақша жанармайға, қосалқы бөлшектерге, әскери киім тігуге, іссапарлар мен тасымалдауға жұмсалды. Бір қарағанда, мұндай шығын салтанатты шара үшін орынды сияқты. Бірақ шын мәнінде, бұл қаражат кімге және неге қажет? Осы сұрақтарға ешкім нақты жауап бермеді.
Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басшысының орынбасары Виталий Адамович 7 мамыр күні Астанада әскери шеру өтетінін ақпанда айтқан болатын. Шеру Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ Елі» монументінің алдында өтті.
– Бірінші кезең – тарихи және заманауи бөлімдерден тұратын жаяу әскер саптарының шеруі. Екінші кезең – механикаландырылған колонналардың жүруі, ол да тарихи және заманауи бөлімдерден тұрады. Үшінші кезең – авиацияның әуеде шеруі. Әскери парад өткізуге шамамен 2,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл шығындар жанармайға, қосалқы бөлшектерге, іссапарларға, әскерді тасымалдауға, әскери киім тігумен байланысты, – деген еді ол.
Бірақ халықтың ішкі ойы басқаша. Иә, әскери парад – бұл тарихтың көрінісі. Жауынгерлердің сап түзеуі, Т-34 танкісіндегі Жеңіс туы, тарихи жалаулар – бәрі әсерлі. Бірақ осы әсердің артында тағы бір шындық бар. Қазақстанда ардагерлердің саны азайды, ал қалғандарына жеткілікті әлеуметтік көмек көрсетіле ме? 2,5 миллиард теңгені әскери шеруге емес, осы ардагерлердің медициналық қызметіне, әлеуметтік қолдауына бағыттау әлдеқайда орынды болмас па еді? Әлемде экономикалық тұрақсыздық кезеңінде көптеген елдер бюджет шығындарын қысқартып, әлеуметтік бағдарламаларға басымдық береді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру