Масс-медиа 70 пайыз қазақша сөйлейтін болады – Дархан Қыдырәлі

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Масс-медиа» туралы жаңа заңның жобасында мемлекеттік тілге қандай басымдықтар беру ұсынылып отырғанын айтты, деп хабарлайды  «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

«Бұған дейін баспасөз тілі 50/50 қағидатымен жұмыс істегенін білесіздер. Біз оны өзгертіп, қазір 70/30 болсын деп жатырмыз. «Масс-медиа» туралы жаңа заң қабылданса, бүкіл ақпарат, жалпы еліміздің бүкіл масс-медиасының тілі 70 пайызы қазақша болады», — деді министр халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайында.

Ведомство басшысы мұндай талап Тіл туралы доктрина жобасына да ұсынылғанын атап өтті.

«Сонымен қатар, қазақ тілі туралы доктрина әзірленіп жатыр. Сол доктринаға да енгіздік. Осында вице-министр отыр. Тіл туралы доктринаның ішіне ақпарат саласында қазақ тіліне басымдық беру туралы ұсыныстар енгіздік», — деді Дархан Қыдырәлі.