Ninety One-дық Bala: «A.Z-дің кетуіне қарсы болдым»

Ninety One тобының мүшесі, көпшілікке Bala лақап атымен танымал Данияр Құлымша Тимур Балымбетовке берген сұхбатында Азамат Зенкаевтің топтан кетуі жайлы айтты.

Әншінің айтуынша, A.Z-дің топтан кетуі ұзақ уақыт талқыланып барып қабылданған шешім.

“A.Z-дің топтан кетуі бір сәтте бола қалған нәрсе емес. Бірнеше жыл ойластырылып, түрлі әңгімелерден кейін соңында оның топтан кетуі жайлы шешім қабылданды. Мен A.Z-дің кетуіне қарсы болдым. “A.Z кетсе, біз де, ол да өкінеді” деген ойда болдым. Оның өзі өкінетінін айтты. Өзім үшін жауап беретін болсам, тарих жолында топтағы бауырымыздың бөлек кеткені өкінішті. Алайда біз болашақты басқаша елестеттік, ал A.Z-дің бөлек ойлағаны бар. Осылайша бөлек кетуге тура келді. Біз қазір басқа студияға көштік. Студияны, офисті көрсетуге, әңгімелесуге A.Z-дің де, біздің де уақытымыз болмай кетті. Оны көрмегелі көп болыпты. Бұрынғы бейнежазбаларын көргенде, “осындай болған екен ғой, әңгімелер айтатын еді” деп естеліктер есіме түседі. Бірақ әрқашан ойымда жүреді деп айта алмаймын. Біз үшін бұл нүктесі қойылып, жауап беріліп, қозғамай жүрген әңгіме. Бұған біз де, сізде көндігуіміз керек”, – дейді топтың кенжесі Bala.