Алаштан басқа ұлттық идеология жоқ

Биыл 32 жылдығы аталып өтетін Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алаштың орны айрықша! Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Азаттық жолындағы ұлы майданда ұлт болашағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай жоғары құрметке де лайықты. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Қазыбек Иса жариялады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо

Басты Ұраны — Жерді сатпау, Елді сақтау, Тілді сақтау болған Алаш арыстарын аттарын Қазақ парламенті тарихында ең  алғаш 2007 жылы «Ақ жол» партиясы атап, мәселе көтерді. Депутаттық сауалда 2012 жылы парламентте «Ақ жол» фракциясы құрылғалы бері Алашқа байланысты 30-дан астам депутаттық сауал жасалуы, партияның саяси бағдарламасында Алашқа басым бағыт берілгені туралы айтылды.

«Биыл «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыхалықтық байқауы 12-ші рет өтеді. Алашқа арналып бес  рет халықаралық мүшәйра өткізілді. «Ақ жол» партиясының Саяси бағдарламасында Алашқа басым бағыт беріліп, «Алаш идеясы — Ұлттық идеямыз!»-деп атап көрсетілген! Кезінде айтуға тыйым салынған Алаш тақырыбы соңғы кезде кең тарала бастағаны қуанышты тенденция. Кешегі «Алаштың атын айтқызбаймыз» деген идеология тізгінін ұстаған шенеуніктер бүгінде Астанадағы Алаш көсемдері ескерткішін айналып өтіп жатқан болар… Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ Елі үшін құрбан болғандар! «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» деген дана халқымыздың сөзін ұмытуға болмайды«, — деді депутат.

Сол себептен, 2019 жылы «Ақ жол» партиясы «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандарға беруді ұсынған. Алайда, депутаттық пікірінше, нәтиже шамалы.

«Бір ғана мысал, біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жіберді! Осы 125 батырдан бір адамның аты да ескерілмеген екен. Ең өкініштісі — осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр. Жалпы, бізде мемлекет тарапынан бекітілген тізім бар, соған енген тұлғалар ғана әлгідей құрметке ие бола алады. Ол тізімге көп Алаш қайраткерлері кірмеген. Ал Кеңес империясына қызмет еткендер әлі төрден түспей келеді», — деді Қазбек Иса.

Сонымен қатар депутат ономастика саласының идеологиялық маңызы туралы айтып, осыған қатысты Президенттің сөзін келтірді қозғады.

«Ол тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет!»-деп Президент турасын айтты. Яғни, мемлекет басшысының сөзін іске асырып, кешегі кеңес дәуірі қайраткерлерінің бәрінің аттарының орнына Алаш қайраткерлерінің аттарын беру қажет! Біз отыз жыл бойы арамшөпті тамырымен жоймай, тіпті шөбін де шаппай, оның үстіне дән сеуіп келдік. Енді ғана «еккен егініміз қайда?» деп, есімізді  жиып жатырмыз. Яғни, Ұлттық идеология отарсыздану саясатымен қатар жүруі қажет!», — деді Мәжіліс депутаты.

Осыған қатысты Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы жағдайды депутат еске алды.

«Мәскеудегі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары жатқан жерді жаңғыртып, барғандар тағзым ететіндей киелі орынға айналдыру үшін Сыртқы істер министрлігіміз сындарлы саясат жасап, қайрат көрсетуі қажет. Алаш көсемі Әлиханның басын жаңғырта алмай, Қазақ көсемі Хан Кененің басын қайтара алмай жүруіміз де ұлттық идеологиямыздың жоқтығынан екені анық.

«Ақ жол» партиясы талай ұсынғандай, 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығында Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданы Алаш көсемінің атына берілуі тиіс еді. Ақорда келісім беріп қойған мәселе Қарағандыдағы бес коммунист кемпір-шалдың қарсы болуына бола, 5 жыл кешігіп, 2021 жылы берілді

«АЛАШ ақыры Октябрьді жеңді! Октябрьдің аты өшіп, ӘЛИХАН ауданына айналды!»-деп жаздық сол кезде», — деді Қ.Иса.