Көкшетау дарынды жастарды іздейді!

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ биылғы жылы 18-21 сәуір аралығында Ақмола облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша іс – шаралар жоспары аясында талантты жастар үшін жыл сайынғы «СТУДЕНТТІК КӨКТЕМ-2023» облыстық фестивалін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо баспасөз қызметке сілтеме жасап.

Фестивальдің мақсаты — Ақмола облысы жастарының шығармашылық қызметі үшін жағдай жасау, өңірдегі студент жастардың адамгершілік және мәдени әлеуетін сақтау және көбейту, студенттерді эстетикалық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру және жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, патриоттық сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру.

Фестивальдің конкурстық бағдарламасы театр-зияткерлік, ақпараттық-технологиялық және вокалдық бағыттарды қамтиды. Фестиваль «Cover-нұсқа», «Тапқырлар алаңы», «STUD KОКТЕМ – аруы» және «Үздік мобилограф» сияқты номинациялардан тұрады.

Фестивальдің конкурстық бағдарламаларының әр номинациясы бойынша ұйымдастыру комитеті қазылар алқасын құрайды. Қазылар алқасының құрамын ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекітеді.

«Cover-нұсқа» номинациясы ағымдағы жылдың 18 сәуірінде сағат 11:00-де «Болашақ сарайы» мәжіліс залында өтеді.

«Тапқырлар алаңы» номинациясы ағымдағы жылдың 19 сәуірінде сағат 11:00-де Сәтбаев көшесі, 1Б мекенжайындағы мәжіліс залында өтеді.

«STUD КОКТЕМ – аруы» номинациясы ағымдағы жылдың 20 сәуірінде сағат 11:00-де «Қоғамдық келісім» КММ мәжіліс залында өткізіледі.

Әрбір номинацияны «Үздік мобилограф» номинациясының қатысушылары бейнежазбаларға түсіріп, фестиваль соңында «Үздік мобилограф» номинациясы бойынша қазылар алқасы қорытындылап, үздік мобилографтарды айқындайтын болады.

Фестиваль лауреаттары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.

Ашылу және жабылу салтанатының өтетін орны: Ақмола облысы ББ жанындағы «Болашақ сарайы» ШЖҚ МКК

Ашылу және жабылу салтанатының өтетін мерзімі: 18 сәуір сағат 11:00-де (ашылу салатанаты) 21 сәуір сағат 11:00-де (жабылу салатанаты)