ҚАНДАС ЖАСТАРЫМЫЗДЫ ҚОЛДАЙМЫЗ

Мемлекет тарапынан шетелден келетін қазақ балаларына Қазақстанның ЖОО тегін білім алуы үшін 4 пайыз квота белгіленген. Жыл сайын 3 мыңнан астам қандас жастарымыз оқу мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда осы квотамен Қазақстанда білім алып жатқан 6,5 мыңнан астам қандастарымыз бар, оның ішінде, бүгін КАЗГЮУ университетінде де этникалық қазақтар білім алады.

Бүгін М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті мен «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Екіжақты кездесуге Университет басшылығы Талғат Нәрікбаев пен «Отандастар Қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы қатысты.
Кездесу барысында «Отандастар Қоры» ұйымының президенті Абзал Сапарбекұлы ұйымның қызметімен таныстырып, жалпы шетелдегі этникалық қазақтардың жағдайына қысқаша тоқталды.

«Жалпы сыртта 6 миллионнан астам этникалық қазақтар тұрып жатыр. Олардың басым көпшілігі өзімізге көршілес аймақтарда тұрып жатыр», — деді Абзал Сапарбекұлы.

Өз кезегінде университет басшысы Талғат Нәрікбаев Отандастар қоры мен университеттің мақсат-мұраттарына сай ынтымақтастықты қолдайтынын мәлімдеді.

«Әр қазағым жалғызым дегендей жат-жұрттықта жүрген бауырларымызға біздің университетіміз әрқашан да ашық! Сол үшін бүгінгі меморандумға қол қойып, қатысқаныма мен өзім өте қуаныштымын. Біз әрқашан сіздің бастамаларыңызды қолдап атсалысамыз деп ойлаймын», — деді Т.Нәрікбаев.

Осы меморандум аясында Отандастар қоры, елімізде білім алып жатқан қандастарымыздың арасында Университеттің жастар лигасымен жұмыс істеу бойынша біріккен іс-шаралар жоспарлары қабылданды.