Аманқарағай ауылында тұратын студенттерге ҚазАТУ ұжымы 1 млн теңгеден көмек берді

Елордалық С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы Қостанай облысында орын алған қиын жағдайдан қалыс қалмады. Ата-анасы отбасы Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тұратын ҚазАТУ-лық бес студенттің әрқайсысына  1 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетіп отыр.

– Оқыс жағдай ешкімге айтып келмесі анық.  Қиындыққа тап болған адамға көмектесуге, оған қолдау көрсетуге ұмтылу – адамгершілік іс. Біздің ұжымның өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету туралы үндеуіне жедел үн қосқанына қуанып отырмыз, – деді басқарма төрағасының орынбасары – ректор Айтжан Әбдіров.

Қаржыны университет ұжымы ерікті түрде жинады. Өрт салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге өз үлестерін қосуға ниет білдіргендердің барлығы бір күндік жалақыларын ҚазАТУ «Даму» қорына аударды. Жиналған қаражат 5 студентке теңдей үлестірілді.

– Ата-анасы өрттен зардап шеккен өңірде тұратын студенттерімізге атаулы көмек көрсету туралы шешім ұжымдық түрде қабылданды, – дейді университеттің «Даму» қорының директоры, техникалық факультет деканы Ержан Ахметов.

-Бүгін біз студенттеріміздің ата-аналарының банк картасына 1 миллион теңгеден қаражат аудардық. Олардың әрқайсысы ақшаға өз қалауы бойынша иелік ете алады. Жапа шеккендерге көмектесу үшін ұжымның шын жүректен жинаған қаражаты елеулі қолдау болатынын түсініп отырмыз, – деді Ержан Ахметов.

Айта кететін тағы бір жәйіт, ҚазАТУ-да қиын жағдайда қалғандарға атаулы көмек көрсету дәстүрге айналып келе жатыр. Ұжым бір кездері Арыстағы жарылыстар, Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қомақты көлемде қаржылай қолдау көрсеткен. Енді студенттеріміздің отбасына көмек қолын созып отыр.

Аталмыш білім ордасының студенттері, Оспанова Дарина, Нұрлұмбаев Мақсат, Меңдіханов Қаныбек, Меңдіханов Думан және Жанысбеков Арыстан Қостанайдың Аманқарағай ауылынан келіп білім алып жатыр. Бұл студенттердің барлығы да грант негізінде білім алушылар. Қазіргі таңда олар студенттік жатақханаларға орналасқан. Өздерінің жеке өмірлеріне еш алаңдамайды.

-Осындай қолдау көрсеткен университет оқытушылары мен бүкіл ұжымға алғысымыз шексіз. Бұл ата-аналарымыз үшін баға жетпес көмек. Әрине, олар университеттің қиын сәтте бізге қалай көмектесіп жатқанын білгенде қатты қуанды. ҚазАТУ ұжымы жинаған қаражатты ата-аналарымыз біздің ары қарай дамып, білім алуымызға жұмсайды деп ойлаймын. Мысалы кейбіріміз оқуға ноутбук және басқа да пайдалы заттарды сатып алуды ойлап жүрміз, – деді Агрономия факультетінің 2 курс студенті Мақсат Нұрлұмбаев.

Айта кету керек, «Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру» факультетінің оқытушылары бұл акциядан бөлек, факультет атынан қаржы жинап, Аманқарағай ауылының тұрғыны 1 курс студенті Қаныбек Меңдіхановтың жеке шотына  аударғандықтарын жеткізді.