Әскерде қаза тапқан сарбаздың өліміне қатысты күдікті анықталды

Ақтаудан Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге келіп, арада төрт күннен кейін қаза тапқан Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты «Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу» (ҚК 440-бабы, 4-бөлігі) бабы бойынша іс қозғалып, күдікті анықталды, деп хабарлайды Ozgeris.info порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

«Сараптама қорытындысы мен сарбаз өліміне не себеп болғаны анықталғаннан кейін күдікті қамауға алынады» деп жазылған ақпаратта.

18 жастағы Әлібек Қалбай 18 сәуірде борышын өтеу үшін Қордай ауданы Отар ауылындағы әскери бөлімшесіне келіп, 22 сәуірде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Туыстары оны бүгін, 25 сәуірде жерледі.

Әскери бөлім басшылығы сарбаздың денсаулығы күрт нашарлап, көз жұмғанын айтады.

«Жеке құрамның сапқа тұруы кезінде өзін нашар сезініп, есінен танып қалған. Медицина қызметкерлерінің жасаған амалдарына қарамастан, жас сарбаздың өміріне араша түсу мүмкін болмады» деп жазылған елдің қарулы күштерінің бас штабының ақпаратында. Ал марқұм болған сарбаздың жақындары бұл сөздерге сенбейді.

— Дәрігер бізге «денесі сап-сау» деді. Барғаннан кейін Әлібектің бүйрегі, оң жақ қабырғаларыны майысқанын, иығы да көгеріп, қабырғаларының барлық тұсы көгергенін көрдік. Құлағының артында қан. Құлағының артында жырылғаны бар, — деді марқұмның туысы Инара Тілесова.

Әлібектің жаназасына туыстарынан бөлек, ондаған ақтаулық жиналды. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан іске араласуды сұрады.

Президент бас прокуратура мен қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.

Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Сарапшылар мұны қысым мен әлімжеттіктен көреді.

Ozgeris.info порталы