«ШЫҰ келешегінен үміт күтеміз»: Тоқаев саммит жұмысын қорытындылады

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды

«Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты қорытындылай келе, көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланғанын, Ұйымды одан әрі дамыту бағыты айқындалғанын атап өтті

«Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен үміт күтеміз. Осыған орай Ұйымның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын одан әрі арттыру үшін ШЫҰ тетіктерінің жұмысын жетілдіруге баса мән берілді. Қазір біз қол қоятын құжаттар ШЫҰ тарихындағы тағы бір маңызды кезеңге жол ашатынына, сондай-ақ Ұйымның жүйелі әрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Қазақстан президенті.