«Немістер көрсе жүрек талмасын алып қалады»: Семейдегі кәріз люктерінің жағдайы тұрғындарды алаңдатуда

Семей қаласындағы кәріз люктерінің жағдайы мәз емес. Бұл жайлы ABAI NEWS телеграм-парақшасы жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Семейде кәріз люктері не қақпақсыз, не салбырап, не үңірейіп шығып кетеді. Немістер мұны көрсе жүрек талмасын алып қалады», – деп жазды парақша.

Дереккөз мәліметінше, Галето көшесінің бойына асфальттың бірінші қабатын төсеу кезінде жұмысшылар кәріз құдық ұңғысын толығымен жауып тастаған.

«Жақында аталған көшеге екінші қабат төселіп, Рысқұлов көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Мамандар асфальтталған люкті ұмытпаса екен, әйтпесе апат бола қалса оны бұзуға тура келеді», – деп жазды парақша.

Аталған мәселеге қатысты Семей қаласының әкімдігі жауап берді.

«Галето көшесінің бойындағы жолдарды орташа жөндеу жұмыстары екі кезеңде жүргізілуде. Қазіргі уақытта жолды асфальттау жұмыстары аяқталды. Жақын арада жол жиектері нығайып, одан кейін жол бетінде орналасқан люктерді қалыпқа келтіру жұмыстары басталады. Сонымен қатар видеодағы кәріз Галето көшесіндегі кәріз емес екенін хабарлаймыз», – делінген әкімдік жауабында.