Жаңа жеке куәлік: Қазақстандықтар жаңа үлгідегі құжаттар ала бастады

жаңа куәлік
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

15 маусымнан бастап ҚР азаматының жаңа үлгідегі жеке куәлігі қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа үлгідегі құжатта жеке куәлік иесінің азаматтығы мен жынысы туралы деректер көрсетіледі. Бұрын бұл мәліметтер жеке куәлікке салынған чипте болған. Жеке куәліктің жаңа дизайны бюджеттен шығын талап етпейді және азаматтардың жаңа құжаттарды шығару үшін төлейтін мемлекеттік баж мөлшеріне әсер етпейді (2024 жылы мемлекеттік баж мөлшері 738,4 теңге).

Жарамдылық мерзімі аяқталмаған жеке куәліктер бұдан әрі де жарамды болады. Қазақстандықтар жаңа дизайнды жеке куәліктерді тек алдыңғының мерзімі аяқталған кезде немесе оларды басқа да себептермен ауыстыру кезінде ала алады. Яғни, бір мезгілде жаппай құжат ауыстыру болмайды.

Айта кетейік, 3 мамырда Қазақстанда жеке куәлік дизайны мен мәліметтері өзгеретіні хабарланған болатын. Ішкі істер министрінің бұйрығына тиісті өзгерістерді ІІМ әзірлеген.