16 жастағы қызды атасы зорламақшы болған

Құқық қорғаушы Ләззат Рақышевадан 16 жастағы қыз көмек сұраған. Жасөспірім өз атасынан зорлық көріп жүргенін айтты.

Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасына 16 жастағы қыздың хатын жариялады. Қыздың айтуынша, оған өз атасы 14 жасынан бері шешіндіріп, тиісетін көрінеді. Ата-анасы өзге қалаға жұмысқа кетеді екен. Ал үйде әжесі және екі інісі болатын көрінеді.

«Ешкімге айта алмай жүрдім. Бір күні  шыдай алмай анама айттым. Ол әкеме айтқан. Бірақ әкем үндемеді. Бір күні тағы тиісті. Анам ауылда еді. Басқа бөлмеге кіріп, есігін құлыптап алдым. Анама хабарластым. Ол келіп жанжал шығарды. Атам мойындамады. «Мен оны еркелетемін» деді. Апам «кәрі шал, не істегенін өзі білмейді» деп жылы жапты»,- дейді жасөспірім.

16 жастағы қыз атасының озбырлығынан қалай құтыларын білмейді. Туыстарының бәрі қыздың сөзін жоққа шығарған.