Шымкентте алаяқтарға 73 млн берген қытайлық кәсіпкер әділдік таппай жүр

Шымкентте алаяқтарға 73 миллион теңгесін санап берген Ван Ир Чанг есімді қытайлық кәсіпкер әділдік таппай, елшілік жағалап жүр.

Малдың ішек-қарнын Қытайға алдырып, содан деликатес жасаймын деген 45 жастағы шетелдік Алматыда үш жігітпен танысады. Олар Шымкенттегі қасапханаларда таныстарының көп екенін айтып, төрт айда «30 тонна тауар дайындап қойдық» деп, 73 миллион теңге ақша аудартқызған.

«Қазақстаннан ішек-қарын алдырып, компания ашамын деп ойлағанмын. Әлгілер күнделікті видеомен хабарласып, қойма толы қырыққабат деп аталатын ішек-қарынды көрсеткен соң сеніп, ақша аударып отырдым. Наурыз айында тауарды көзбен көрмекке келсем, еш нәрсе жоқ», — дейдікәсіпкер Ван Ир Чанг.

Шетелдіктің арызынан кейін іс қозғаған полицейлер күдіктілерді ұстап, 756 қап мұздатылған ішек қарынды тәркілеген. Күдіктілер де ақша алғанын, бірақ тауарды бермегенін мойындапты. Дегенмен көп ұзамай айғақ зат ретінде алынған деликатесті алаяқ ретінде күдікке ілінгендерге қайтарып бере салған.

«Ешқандай да мәселе жоқ, іс қысқартылады, біз затты сатып жібердік деп айтқан, мойындаған», — дейді адвокат Нұржан Үсіпханов.

Жәбірленушілер күдіктілердің дауысы жазылған аудиожазбаны Шымкенттегі полиция басшылары мен прокурорларға да тыңдатқан. Бірақ ешкім селт етпепті. Алданған кәсіпкер қорғаушыларын алып бүгін полиция департаментіне тағы барды.

Тәртіп сақшылары бұл жолы да қылмыстық іс қысқартылған деп қысқа қайырды.

«Құқықтық қатынастардың азаматтық аяда қаралуына байланысты қылмыстық істі тоқтату бойынша шешім қабылданды. Тергеудің ұшбуынды моделі аясында аталған шешім прокуратурамен келісілген», — деп жауап берді Шымкент ПД ресми өкілі Бағлан Исатаева.

Қазір кінәсін мойындаған үш жігіттің қайда екені белгісіз. Сондай-ақ ақшасы төленген тауардың да қай жаққа кеткенін ешкім білмейді. Ал Шымкенттің құқық қорғау орындарынан әділдік таппаған шетелдік енді Ішкі істер министрлігіне шағым түсірмек.