Карина Мамаш дипломат күйеуінің Қазақстанда неше пәтері бар екенін айтты

Карина Мамаш
Фото: бейнеден кадр

Карина Мамаш дипломат күйеуінің абьюздік қарым-қатынасы жайлы айтты. Ол күйеуі әр нәрсеге ашуланатынын айтты.

«Ол кез келген нәрсеге ашуланатын. Мысалы, «тамақты дұрыс пісірмедің», «біртүрлі қарадың», «бала тәрбиесімен дұрыс айналыспайсың» деп бірден ашуға салынатын. Біз БАӘ тұрған кезде ол таңертең балаларды мектепке апарып, түсте алып келетін. Яғни ол таңертең сағат 8:00-ден бастап, түске дейін ғана жұмыс істейтін. Олар үйге келгенде мен тамақтарын беремін, ал Сәкен ары қарай ұйықтайтын. Содан соң сағат 18:00-де тұрып, бірдеңе жеп алып, ары қарай ішуге кететін. Мен «сен ұйықтап ал, содан кейін балалармен бірге уақыт өткізейік» деп айтатынмын, бірақ ол елемейтін», — деді Карина Мамаш.

Каринаның айтуынша, дипломат оған жұмыс істеуге тыйым салған.

«Мен одан ешқандай қолдау күтпеймін. Мен балаларды өзім қамтамасыз ете аламын. Ол 10 жыл бойы мені басып келді. Мен жұмыс жасағым келген кезде тыйым салды. Мүмкіндіктер болды, мені түсірілімдерге шақыратын. Бірақ ол әр түсірілім алдында мені ұратын. Сондықтан мен өзім бас тартатынмын», — деді ол.

Сондай-ақ, Карина Мамаш дипломат күйеуінің Қазақстанда неше үйі бар екенін айтты

«Біздің ортақ мүлкіміз бар. Бір үш бөлмелі үйіміз бар. Ол пәтерге оралсаңдар, мен саған кілтті беремін, мен саған жоламаймын, балалар үйде тұрсын деп жазды. Бірақ мен ол үйге оралсам, оның бір күні кіріп келмейтініне кепіл жоқ. Егер ол балаларының өз үйлерінде тұрғанын қаласа, ол үйді солардың атына жазып берер еді. Одан басқа тағы екі пәтер бар. Бірақ олар оның туыстарының атына жазылған. Олар да — біз некеде болған кезде сатып алынған пәтерлер. Мен келе сала ажырасуға өтініш бердім, бірақ бізді әлі ажырастырған жоқ», — деді Карина Мамаш.

Еске салайық, бұған дейін #НеМолчи.kz қорына әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғанын жазған болатын. Ол өзінің 10 жыл бойы қысым көргенін айтады. Әйелдің сөзінше, Сәкен Мамаш оның БАӘ-ге қонаққа келген үлкен әпкесінде де ұрып-соққан.

Көп ұзамай Сыртқы істер министрлігі дипломат Сәкен Мамашты әмірліктерден кері шақырып жатқанын, оның ісімен құқық қорғау органдары айналысатынын хабарлады.