Енді 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатылмайды: депутаттар тиісті заң жобасын қабылдады

энергетиктер
Фото: ашық дереккөзден

Елімізде энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынады.

Парламент мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды ілеспе түзетулермен екінші оқылымда қабылдады.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, құмар ойынға тәуелді азаматтар түні бойы ұйықтамай ойын ойнау үшін энергетикалық сусын ішеді. Яғни бұл сусынның негізгі тұтынушылары – солар, дейді депутат.

«Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде 200 мыңнан астам бала құмар ойындарды тұрақты ойнайды. Осы жеткіншектер энергетиктерден миы уланып, ставка қоюы да мүмкін. Бүгінде энергетиктер алкогольден де қауіптірек болып барады. Қазір тіпті он жастағы бала да емін-еркін энергетик сатып ала алады. Осыған байланысты президенттің тапсырмасын орындау үшін энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салу туралы норма қабылданды», — деді депутат.

21 жасқа толмағандар сауда автоматтары, электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы да энергетикалық сусынды сатып ала алмайды.