Байқауға қатысқан дарынды оқушылар 600-ге жуық ғылыми жоба ұсынды

Шымкентте республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтіп жатыр. Байқауда 800-ге жуық оқушы 16 бағыт бойынша ғылыми жобасын қорғайды, деп хабарлайды «ozgeris.info» «Хабар 24″-ке сілтеме жасап.

Байқау барысында оқушылар 596 ғылыми жоба ұсынды. Жоба ұсынған жас дарындылардың бірі – Айбала Омар. Ол — Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 10 сынып оқушысы.

Республикалық конкурсқа шыны қалдықтарын кәдеге жаратып, экологиялық ахуалды жақсартуға болатынын делелдеуге келіпті. Айбала қалада қаптаған қоқысты қайта жаратып, өңдеуге болатынын айтады.

– Қазіргі кезде қоқыстар көп. Алайда оны өндіруге біздің Қазақстанның зауыттары аз. Сонымен қатар шынымен жұмыс жасау қиын. Себебі шынының ыдырау мерзімі мың жылдан асады, — дейді ол.

Ал Түркістан облысының Кентау қаласынан келген Сержан электр энергиясын үнемдеп, экономикалық тиімділікті арттырудың жолын іздеп жүр. Яғни түбегейлі энергия үнемдеуші лампаларға көшу арқылы еліміз айына 3 миллиард теңге үнемдей алады. Бірақ ол қаржыны әлеуеті әлжуаз топқа қолғабыс жасауға бағыттау керектігін айтады.

– Мысалы Қазақстанда 4 миллион отбасы бар десек, әрбір үйде 4 адамнан. 30 күн бойы лампалар жанып тұр. 6 сағаттан күніне. Сол кезде бізде 405 миллион кв/сағат электр энергиясы үнемделеді. Егерде Вольф қысымды лампалардан света диодтты лампаларға көшсек. Мұны қаржыға айналдырсақ, 3 миллиард теңге, — дейді  Сержан Бауыржанұлы.

Бәсі биік байқау жастардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттырады. Жоғары сынып оқушыларын ғылым мен техниканың әр түрлі салаларына бағыттауға көмектеседі. Дәстүрлі байқау бұл жолы алғаш рет халықаралық стандартқа сай көрме түрінде ұйымдастырылды.

– Бұл зерттеудің оқушыға беретіні әрбір оқушы өз зерттеуінің құндылығын көретін болады. Оның жақсы нәтижелері қай жағынан болды. Жетіспеушілік тұстары болса, оны да осы конкурстық комиссияның мүшелері, ғалымдар оқушыларға ашып көрсетіп беретін болады. Бұның өзі оқушылардың жұмысын әрі қарай жалғастыруына, зерттеуіне тың серпіліс береді, — дейді ҚР білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова.

 

 «ozgeris.info»