Елордалық бессайысшылар Түркияда өткен әлем кубогында чемпион атанды

Қазіргі бессайыстан Астана қаласының спортшылары Түркияның Анкара қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде командалық жарыста алтын медаль жеңіп алды. Олар аралас эстафетада өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Астана қалалық спорт басқармасының баспасөз қызметі атап өткендей, әлем кубогында Қазақстан намысын Астана қаласының спортшылары Павел Ильяшенко мен Елена Потапенко қорғады.

Екінші орында Египет, үшінші орында Италия құрамасы орналасты.

Еске салсақ, Елена Потапенко биылғы Париж Олимпиадасында өнер көрсетуге мүмкіндік алған болатын.

Ол 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында әйелдер арасындағы қазіргі бессайыстан жеке жарыста 5-орынды иеленген еді.

Фото: Астана спорт басқармасы