Бензиннің бағасы қалай өзгереді?

ҚР Энергетика министрлігі шетелдік азаматтар үшін бензин мен дизель отыны бағасының өзгеруі туралы бұйрық жобасын жариялады.

Ішкі нарықтағы отын балансын сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағыны мен «сұр» экспортының тәуекелдерін азайту мақсатында ҚР Энергетика министрлігі Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынының тұтыну көлеміне және автокөліктің шығу тегіне байланысты нақтыланған бағалары бар бұйрық жобасын дайындады, деп хабарлайды ведомствоның телеграм-арнасында.

Қазіргі уақытта бағаны мемлекеттік реттеуге байланысты Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында ЖЖМ құны ең төмен ел болып табылады, бұл мұнай өнімдерінің ағындарының жоғары тәуекелдеріне және басқа елдерге «сұр» экспортына алып келеді. Бұйрық жобасында Аи-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге деңгейінде белгіленетін болады. Дизель отынының бағасы литріне 315 теңгені құрайды, — делінген хабарламада.

Жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлігі бар азаматтар үшін ЖЖМ бағасы Қазақстан Республикасында бұрынғыша қалып отыр.

Бұйрық жобасы барлық мүдделі тараптардың ұсыныстары мен талқылаулары үшін «Ашық НҚА» сайтында жарияланды.

Қазақстанның Энергетика министрлігі хабарлағандай, қазіргі уақытта ЖЖМ қорларын өндіру, жөнелту және толықтыру үздіксіз жүргізілуде, ішкі нарықта мұнай өнімдерінің едәуір қоры бар, ЖЖМ-мен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты.