30 университет эвакуацияланған азаматтарға көмек көрсетуде

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, 16 университеттің жатақханаларында 3820 орын дайындалып, онда 548 адам, оның ішінде 228 бала орналастырылған. Резервтегі орындар саны 3272 құрайды. Бұдан басқа, студент жастар мен жоғары оқу орындарының қызметкерлерінен 5 мыңнан астам еріктілер гуманитарлық көмекті бөлуге, тиеуге және түсіруге, қаптарды бөгеттерге арналған құммен толтыруға көмектеседі.

«Бұдан басқа, университеттердің 150-ден астам оқытушысы оқушылардың сабақтарын ұйымдастыруға көмектесуге дайын, сондай-ақ бұл үшін универстеттер базасында аудиториялар мен үй-жайлар дайындалуда», — деді спикер ОКҚ брифингінде.

Қажет болған жағдайда оқушылардың демалысын және оңалтуды ұйымдастыру үшін университеттер базасындағы лагерьлер мен демалыс орындарының жай-күйіне мониторинг жүргізіледі.

«Қазір бүлінген үйлер қалпына келтірілгенге және құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін зардап шеккен тұрғындардың жатақханаларда одан әрі тұруы үшін студенттерді қашықтықтан оқытуға ауыстыру мәселесі қаралуда», — деді ғылым және жоғары білім вице-министрі.

Қабылданған шешім туралы қосымша хабарланатын болады. Қазіргі уақытта бір ғана университетте білім беру онлайн-форматқа көшірілді. Қалған университеттер әдеттегідей оқуын жалғастыруда.